Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркістан құрылысшылары Шиелі тауарларын тұтынады

Түркістан құрылысшылары Шиелі тауарларын тұтынады


Өткен аптада ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған жұмысшы топ Түркістан облысына барды. Жұмыс сапары барысында бірінші кезекте Түркістан қаласындағы нысандардың құрылыс барысымен танысып, өңірді дамытудың келешегі жөнінде кеңес өткізді.

А.Мамин облыс әкімдігі ғимаратын, сауда орталығының құрылыс алаңдарын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін, тұрғын үй алабын және басқа нысандардың құрылыс жұмыстарын тексерді.
Алдымен қонақтар Отырар мөлтек ауданында болып, әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеріп жатқан нысандарды аралап көрді. Онда қазіргі таңда 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 1536 пәтердің 1200-і арендалық үйлер болса, қалған 6 тұрғын үй, яғни 336 пәтер кредиттік баспаналар қатарында.
Сондай-ақ, онда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 280 орындық балабақша пайдалануға беріліп, 900 орындық мектеп алдағы жылы оқу жылы қарсаңында ашылатын болады. Одан бөлек, іскерлік орталықта әкімшілік ғимараты, басқармалар және департамент үйлері және 5 жұлдызды «Риксос» қонақ үйінің құрылысы басталып кетті.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары бастаған жұмысшы топқа Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев облыс орталығын инфрақұрылыммен қамту жос­парымен таныстырды. «Елбасының тарихи шешімінің арқасында түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістан қаласында ауқымды құрылыс жұмыстары басталды», – деп А.Мамин қаланың құрылыс жұмыстары Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Түркістан қаласының инженерлік инфрақұрылымы салынып жатқан әкімшілік-іскерлік орталығының 270 гектар және рухани-мәдени орталығының 98 гектар аумағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Одан кейін, астаналық делегация «Әзірет-сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығына аялдады. Онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңына салынатын тарихи архитектуралық жобалардың нобайымен танысты. Аталған аумақтағы 98 гектар жерге рухани және мәдени орталық салынатын болады.
Сонымен қатар, «Күлтөбе» музей-қорығы құрылысының басталғанын көріп, отандық өндірушілердің құрылыс материалдарының көрмесіне барды. Көрмеге Шиелі ауданынан «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС, «КНК Кемикал» ЖШС, «Мөлдір и К» ТС, «Шиелі Тас Оңтүстік» ЖШС, «Палжанов» ЖК, «Жеңсікбаева» ЖК, «Рабиға» ЖК, «Шиелі Жолшы» ЖШС, «Асқар и К» ЖШС, «Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі» қатысты.Аталған кәсіпорындардың жұмысы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Ұзақбайұлына таныстырылды. Сондай-ақ, аудан кәсіпкерлері Түркістан қаласындағы құрылыс мекемелерімен кездесіп, құрылыс материалдарын сату, іскерлік байланыстар орнату бойынша келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында Шиелі ауданында өндірілетін құрылыс материалдарына деген сұраныстың жоғары екендігі тілге тиек етілді. Шиелілік күйдірілген қыш, цемент, қиыршық тас, әк, темір бетон бұйымдары, пластмасса құбырлары т.б. құрылыс материалдары түркістандық ағайынға тиімді бағада ұсынылып, алдағы уақытта іскерлік байланыс жасауға шешім қабылданды.
Түркістан облысының құрылыс жұмыстарының қарқындылығы аудандағы кәсіпкерліктің дамуына да зор мүмкіндік тудырып отыр. Бұл тек кәсіпорындарға ғана емес, ауылшаруашылығы өнімдерінің сатылымына да оң әсерін тигізері сөзсіз.

Гүлхан ЯХИЯ.
19 ақпан 2019 ж. 1 086 0