Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұлдызды қаланы жаңғырту жобалары

Жұлдызды қаланы жаңғырту жобалары


ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен «Байқоңыр» кешенінде  болып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге бірқатар нысанды аралады
Мәртебелі мейманның сапары «Нулевой квартал» аталатын аумақтағы кешеннен басталып, одан кейін «Россия» қонақүйіне жасалып жатқан жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Осыдан кейін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұлдызды қалада Қазақстан тарапынан салынып жатқан тұрғын үйлер құры¬лысын көрді. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғындарының 50 мыңға жуығын қазақстандықтар құрайтын қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, әлеу¬меттік мәселелерді бірлесе шешу бағы¬тында бірқатар жұмыс қолға алынды. Соның бірі – көпқабатты осы 5 тұрғын үй. Әрқайсысы 50 пәтерлік тұрғын үй құрылысымен Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашев таныстырды.
Арендалық үйлер негізінен халық¬тың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына, баспана жағдайын жақсартуды ұзақ жыл күткен бюджеттік сала қызмет¬керлеріне арналып отыр. Сондай-ақ, облыс әкімі бұл үйлерден «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінің мамандары да пәтер ала алатынын атап өтті.
Үйлер құрылысы, оларға инженерлік инфрақұрылым тарту толығымен республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бүгінде мұнда жылу, су және кәріз құбырлары мен электр желілері тартылуда.  
Қармақшы ауданының әкімі С.Мақашевтің айтуынша, бастапқыда бұл үйлерді жылумен қамтамасыз ету үшін қалалық жылу электр орталығына қосу жоспары болған. Бірақ бұл өте қымбатқа түсетіндіктен кейіннен табиғи газбен жылытылатын жеке модульді қазандықтар қою туралы шешім қабылданды. Қазір құрылыс қарқынды жүргізілуде. Көпқабатты үйлерді жыл аяғына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.  
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компания жетекшілерімен әңгіме барысында қаланың әлеуметтік мәселелерін шешу бастамасының жалғаса беретінін жеткізді. Жоспар бойынша мұнда қазақстандықтар үшін 20 көпқабатты тұрғын үй салынады. Алдағы жылдан бастап жұлдызды қалашықта «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы басталады.
№277 орта мектепте Байқоңыр қаласындағы білім беру үдерісіне қатысты мәселелер талқыланды. Мұндағы білім саласының жай-күйі туралы Премьер-министрдің  бірінші орынбасарына облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова тарқатып айтты. Қаладағы мектепке дейінгі білім ұйымдарына келсек, барлық 13 балабақшаның 12-сі ресейлік. Қазақстандық білім стандарты бойынша тек жалғыз балабақша ғана жұмыс жасайды. Балғындар білім ошағына дайын болуы үшін білім мен тәрбие қазақстандық стандарт бойынша берілуі тиіс. Майра Мелдебекованың айтуынша, бұл мәселе де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. 2019 жылы қалада 3 балабақша салу жоспарда бар.
Нақты кезеңде Байқоңыр қаласындағы 8 орта мектеп қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс жасайды. Оларда сабақ мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жүргізіледі.
Облыстық білім басқармасы басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда Байқоңырда 1500 қазақстандық бала Ресей стандарты бойынша білім алуда. Оларды қазақстандық білім беру жүйесіне көшіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ресейлік мұғалімдердің жалақысы қазақстандықтардың еңбекақысынан жоғары екендігі де айтылды.
Бұл мәселе қазір Білім және ғылым министрлігінің қарауында жатыр. Сонымен қатар, 600 орындық жаңа мектеп салу немесе тағы бір мектепті қазақстандық стандартқа көшіру туралы ұсыныс дайындалуда. Бұл Үкімет¬аралық келісімдер аясында шешіледі.
Мамандар пікірін мұқият тыңдаған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарға оң баға берді.
12 қазан 2018 ж. 844 0