Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ашық сұхбат алаңы – берекенің безбені

Ашық сұхбат алаңы – берекенің безбені


Аптаның бейсенбісінде аудан әкімі Ә.Оразбекұлы өңірлік коммуникация қызметінің баспасөз орталығында болып, БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Онда ауданның 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы атқарылатын міндеттер жайлы баяндама жасалды.
Брифингте аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикасы мен қатар қоғамдық-саяси ахуал, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік, құрлыс салаларына жеке-жеке тоқтап, нақты атқарылған жұмыстарды баяндады. Әсіресе, өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында жасалған 3 жобаны жіті түсіндіріп өтті. Жобаның алғашқысы 64 млрд. теңгені құрайтын жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығаратын зауыт. Зауыттың құрылысы жүрген уақытта 1200 адам жұмыс жасаған. Өткен жылдың 11 желтоқсанында Елбасының қатысуымен жалпыұлттық телекөпір барысында зауыт іске қосылып, бүгінде 260 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт ашылған күннен бастап қазіргі уақытқа дейін 17 мың тонна клинкер өндіріліп, бұйырса наурыз айында дайын цемент өнімі шығарылатын болады.
Екіншісі «Фирма Балауса» өнімді құны 125 млн. АҚШ долларын құрайтын өңдеу жобасы жүзеге асырылуда. Мұнда былтыр 1,4 млрд. теңгені құрайтын 200 тонна аммоний метаванадаты экспортталды. Қазіргі таңда кәсіпорында 147 адам жұмыс істеп жатыр. Биылғы жылы 5 окисьті ванадий өндіру цехы құрылысы басталуда, жыл ортасына қарай іске қосылатын болады», – деді Ә.Оразбекұлы.
Сондай-ақ, «Сыр Агро и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «1200 бас ірі қара малына арналған тауарлы сүт фермасы» жобасы аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылып, қолдау тапты. Жоба жүзеге асқан кезеңде тәулігіне 15 тонна сүт өнімі өндіріледі. Ал, индус­триаландыру бойынша ауданда 96 га. жер телімі берілген. Ондағы инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге 233,4 млн. теңге қаржы бөлініп, электр желісі, су құбырлары, автокөлік жолдарын жүргізу жұмыстары толығымен орындалған.
Осылайша, өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстардың бір сыпырасына қанық болған журналистер негізгі жұмыстарына қарай ойысты.

Тәжімұрат Әлжанов, облыстық «Qyzylorda» телеарнасы:
– Ақмая ауылындағы «Ақмая» шару қожалығының ақылды ферма жобасы бойынша жұмысын бастағанын айтып өттіңіз. Аталған шаруашылық жаңа жобаның пайдасын қаншалықты көре алды? Нақты нәтижесі бар ма? Алдағы уақытта өзге де шаруашылықтарға осы «Ақылды ферма» жобасын енгіземіз деп отыр екенсіздер, ал, оның қаржысы қалай шешіліп жатыр?
– Жалпы облыс әкімінің қолдауымен біз былтырдан бастап Алматы қаласындағы Қазақ-Британ техникалық университетінің жанындағы ІТ институтының мамандарымен арнайы келісім-шарт жасаған болатынбыз. Нәтижесінде ол мамандар арнайы аппаратпен біздің жердің құнарлылығын анықтап шығып, қондырғылары шаруашылықтағы дән себетін, дәрілейтін тракторларға орнатылды. Ендігі жерде, ол тракторлар дәнді бұрынғыдай жалпылама емес, жердің құнарына қарай мөлшерлеп шашатын болады. Осы қондырғының көмегімен күрішке берілетін дәрінің көлемін жылдағымен салыстырғанда 30-40 процентке азайтамыз деп отырмыз. Қазірдің өзінде «Ақмая» шару қожалығының директоры алқаптағы барлық жұмыстарды смартфоны арқылы бақылап, егістікке не қажет, ауарайының қолайлығы, судың деңгейі, күрішке себілетін гербицидтің көлемі секілді шаруалардың барлығын арнайы технологиямен басқарып отыр. Бұл жобаның мұнан да өзге пайдалары орасан зор деп білемін.

Қозы Көрпеш Жасаралұлы, республикалық «Халық» газеті:
– Осыдан біраз жыл бұрын Майлытоғай ауылынан мәдениет үйін салу мәселесі көтерілген болатын. Бірақ ол нәрсе аяқсыз қалған секілді. Себебі бар ма?
– Майлытоғай ауылы мыңға жуық халқы бар елді мекен. Соңғы уақытта аудандық бюджеттің есебінен бұл ауылға жаңа мектеп, ауылішілік су жолдары, дәрігерлік амбулатория салып берілді. Сонымен қатар, скважина да қазылды. Ал, биыл ауылға кіреберіс 2,5 шақырым жолды асфальттауға қаржы бөліп қойдық. Бұйырса көктем шыға жолдары да тегіс болмақ. Енді ауылда кенжелеп тұрған мәдениет үйі. Өздеріңізге белгілі 2007-2008 жылдары бүкіл облыс бойынша әлеуметтік нысандардың кезектілік тізбесі жасалды. Соған сәйкес Майлытоғай ауылдық мәдениет үйінің кезегі әлі келмеді. Менің білуімше ол дәл қазір кезекте үшінші орында тұр. Бірақ, біз кезек күтіп қарап қалмаймыз. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында кәсіпкерлер тауып, майлытоғайлықтарға жаңа мәдениет үйін салып беруге мүмкіндігінше жұмыс жасайтын боламыз.
– Өткен жылы Бірлестік ауылы Жаназар батыр деп өзгертілгенін білеміз. Дейтұрғанмен, ауыл тұрғындары әлі күнге дейін құжаттарын жаңа ауыл атымен ала алмай жатқан көрінеді?
– Иә, былтырдан бастап, Бірлестік ауылының атауы Жаназар батыр болып өзгерді. Осы ретте тағы бір ақжолтай жаңалығымызбен бөлісе кетсем, биылғы жылы Жаназар батыр ауылына толықтай ауыз су жүйесі тартылып, ондағы әр шаңырақ таза табиғи сумен сусындалатын болады. Сондай-ақ, аталған ауылға барар жол да күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне беріледі. Ал, ауыл атының заңды түрде өзгеруі жөнінде қазіргі таңда барлық тапсырма беріліп, ХҚО-мен бірлесіп жұмыстар жасалып жатыр.
– Шиелі ауданында 80 мыңға жуық халық бар. Баяндамаңыздан байқағанымыздай, ауданда 4 мыңдай кәсіпкер тіркелген екен. Жалпы, бұл көрсеткіш сізді қанағаттандыра ма?
– Әрине бұл көрсеткіш аз. Бар болғаны 23,7 процентті құрап отыр. Біз аудандағы кәсіпкерлер санын алдағы уақытта Елбасының тапсырмасына сәйкес 50 процентке жеткізуіміз керек. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға күш салуды бірінші орынға қойып отырмыз. Жалпы ауданда кәсіпкерлердің саны өткен жылмен салыстырғанда 6 процентке артқан. Бірақ, ол көңіл толады деген сөз емес. Бұл бағытта тынбай жұмыстар жасайтын боламыз.

Елдос ЖҮСІП.
09 ақпан 2019 ж. 894 0