Елбасы әкімдермен кеңес өткізді
Бейсенбі күні Мемлекет басшысы Н.Назарбаев барлық облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен кездесіп, кеңес өткізді. Басқосуда елдегі бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді.
Жиын барысында Н.Назарбаев халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру мемлекеттің негізгі міндеті саналатынын айтты.
– Ең бастысы – әлеуметтік мәселелер, коммуналдық қызметке қатысты тарифтер, аса қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасы. Мұның бәрін сіздер айрықша бақылауда ұстауларыңыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Елбасы жылу беру маусымы аяқталғанға дейін тұрғын үй коммуналдық шаруашылық нысандарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ, күннің жылынуына байланысты су тасқыны қаупінің алдын алу мәселелеріне арнайы тоқталды.
– Былтыр апатты жағдайлар көп болды, биыл оның қайталануына жол бермеу керек. Табиғаттың қауіп-қатерлеріне қарсы шұғыл әрекет етіп, алдын ала тиісті шаралар қабылдау қажет. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында 800-дей адам мен 280 автокөлік қар құрсауында қалып қойған. Біз адамдарды қауіпті жағдайда қалдырмауымыз керек. Төтенше жағдайлардың салдарын жою, оның алдын алуға қарағанда, бірнеше есе қымбатқа түседі, – деді. Сонымен қатар, Президент азаматтардың арыздары мен өтініштерін өзара іс-қимылдың «кедергісіз» форматын қалыптастыру арқылы шұғыл қарастыру қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы еліміздегі оң өзгерістердің басты қозғаушы күші саналатын белсенді жастармен жұмыс жүргізу қажеттігіне назар аударды.
– Мен жақында жастармен кездестім. Өңірлеріңізде талапты жас азаматтар бар. Егер, бір рет болса да олардың басын қосып, әңгімелессеңіздер, көптеген маңызды ұсыныстар естисіздер. Қоғамның осындай белсенді өкілдерін жұмысқа тартып, оларды өзгелерге үлгі ету керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы өңірлердегі азаматтардың жеке қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ісіне облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері жауап беретінін айтты.
– Біз құқық қорғау жүйесін реформалауға кірістік. Сіздерге полиция департаменттерінің бастықтарын тағайындап, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде міндеттер белгілеу құқығын бердік. Сіздер жергілікті жерлердегі тәртіп үшін солармен бірдей жауап бересіздер, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы көктемгі дала жұмыстарын техникамен, тұқыммен, тыңайтқышпен және жанар-жағармаймен уақтылы қамтамасыз ету, сондай-ақ, бірқатар ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қарызына қатысты мәселелерді шешу қажеттігіне арнайы тоқталды. Жиын соңында Мемлекет басшысы жүктелген барлық міндеттердің іске асырылуын бақылауға алуды Президент Әкімшілігіне тапсырды.
«Өскен өңір» ақпарат.