Елбасы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Мемлекет басшысы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Мамин және Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев баяндама жасады.
Баяндамаларды тыңдаған соң Қазақстан Президенті қабылданған жол картасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру, сондай-ақ облыстық басқару органдары тарапынан барлық мемлекеттік қызметтердің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев өңір басшылығы назар аударуға тиіс жекелеген мәселелерге тоқталды.
– Облыстың қаржылық тұрақтылығын нығайту қажет. Шымкенттің облыс құрамынан шығуына байланысты аймақтың экономикалық базасы төмендеді. Бүгінгі таңда облыс бюджет қажеттiлiктерінің 20 процентін ғана өз күшімен қамтамасыз етеді. Негізгі міндет – өсімнің жаңа резервтерiн және өңір бюджетінiң кiрiс бөлігін толықтыру көзiн табу, – деді Мемлекет басшысы.Қазақстан Президенті халықты жұмыспен қамтудың, сондай-ақ кәсіпкерлікті өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту және көлік-логистика қызметтерінің сапасын арттыру үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
– «Орталық Азия» халықаралық сауда аймағын құру мүмкіндігін қарастырған жөн. Бұл Түркістан облысымен қатар жалпы республика экономикасының да өркендеуіне тың серпін береді. 2020 жылға қарай Өзбекстанмен арадағы тауар айналымын 5 миллиард АҚШ долларына дейін арттыруға әлеуетіміз жетеді. Осыған байланысты Үкіметке Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, Өзбекстан тарапымен Халықаралық сауда аймағын және жаңа «Түркістан» халықаралық өткізу бекетін құру мәселесін пысықтауды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы ішкі туризмді өркендету және тиісті туристік инфрақұрылым дайындау мәселелеріне тоқталды.
Қазақстан Президенті облысты дамыту және құрылыс жүргізу ісіне жергілікті бизнес өкілдерін, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының басшыларын белсенді атсалысуға шақырды.
Жиында Қазақстан Президенті Үкімет пен аймақ басшылығына облыс орталығын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция тарту арқылы қала ішіндегі жолдарды жөндеу, сондай-ақ Шымкент және Қызылорда бағыттарына арналған автовокзал салу жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Шаһар тұрғындары санының өсуіне және туристердің көптеп келуіне байланысты, әкімдікке «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен, Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, Түркістан қаласының теміржол вокзалын реконструкциялау, оның өткізу мүмкіндігін ұлғайту, сондай-ақ аэропорт салу және әуе қатынастарын қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әлеуметтік нысандарды дамыту, тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін салу, инженерлік инфрақұрылымды, соның ішінде газбен және жылумен қамтамасыз ету салаларын ілгерілету мәселелеріне тоқталды. Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев баламалы энергия көздерін пайдалану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
– Кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту үшін жағдай жасау керек. Жаңа қонақ үйлердің, мейрамханалар мен дәмханалардың, сауда ойын-сауық орталықтарының және басқа да нысандардың құрылысын бастау қажет, – деді Қазақстан Президенті.Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда туризм, құрылыс және өндіріс салаларындағы бизнесті өркендету үшін қолайлы жағдай қалыптастыратын арнайы экономикалық аймақ құрудың өзектілігін атап өтті.
– Түркістанды заманауи технологияларды қолдана отырып, өз мәдениетімізге сай қайта жаңғырту керек. Бұл орайда оның ежелгі сәулет өнерін сақтап қалу қажет. Үкіметке, облыс әкімдігіне халық санының өсу қарқынын есепке ала отырып, қаланың бас жоспарын дайындауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.Соңында Қазақстан Президенті Түркістанды дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын бекіту, сондай-ақ «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы жарлықтарға жария түрде қол қойды.
Baq.kz сайты.