Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кентте көтерілген мәселе көп

Кентте көтерілген мәселе көп

Сәрсенбінің сәтті күнінде кент тұрғындары аудан орталығындағы Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйіне қарай бет түзеді. Ондағы мақсаттары да айқын. Өйткені, дәл осы күні аудан әкімі Ә.Оразбекұлы кент тұрғындары алдында ауданның 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және одан әрі дамуының негізгі бағыттыры туралы дәстүрлі есеп беру жиынын өткізді. Кездесуде сонымен қатар, Шиелі кентінің әкімі Ғ.Аманжолов пен жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығының орынбасары Д.Өмірбеков өткен жылды қорытындылады. Иә, Бұдабайдағы бұл жолғы жиналыс бұрынғылардан өзгерек болды. Келушілер де жүзі таныс болып кеткен әдеттегі мұғалімдер емес, жиналысқа қатысты кісілер секілді.

Сонымен, тұрғындардың жыл бойы күткен жиналысының уақыт-сағаты жетті. Кенттегі тәртіп мәселесін Д.Өмірбеков тізіп шықты. Жиынға қатысушылар тәртіп сақшысының баяндамасын аса байсалдылықпен тыңдап, ой елегінен өткізіп алғаннан кейін көкейде жүрген сұрақтарын қарша боратты. Сұрақтың алғашқысы базар маңындағы көліктердің жол ережесін сақтамай, бейберекет тұруынан басталды. Жыл өткен сайын ауданда көлік саны артып, елде қоғамдық қатынас бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеген. Дейтұрғанмен, көліктердің жол ережесін сақтамай ретсіз орналасуы, жол жиегіндегі жаяу жүргіншілерге арналған тротуарды таптап, адамдардың еркін жүруіне қолайсыз жағдай тудыруы кент тұрғындарының мазасын қашырып отыр. Әсіресе, базар маңындағы дүкендерге келетін көліктердің дарақылығы халықтың ашу-ызасын туғызса керек. Дүкен демекші, кент тұрғындарының бірі аудан әкімі Ә.Оразбекұлына орталықтағы ресторан, кафе, супермаркет, дүкендердің егелері меншігіндегі мекемелерінің айналасын өздері тазартып отырса, әйтпесе, алаңсыз мұғалім мен медицина қызметкерлерінің мойнына мініп алды деген ұсынысын білдірді. Ал, Көкшоқы ықшам ауданындағы 18 үйдің тұрғыны Қ.Рахметова аталған үйді түнгі көбелектер жайлап, маскүнемдер мекеніне айналған- ын айтты. Тіпті, кішкентай ұл-қыздарын үйде қалдыруға, қала берді сыртқа шығып ойнатуға қорқатынын жасырып қалмады. – Мен бұл мәселе жөнінде аудандық әкімшілік, прокуратураның есігін сан мәрте қақтым. Бірақ, еш жау­­ап болмады. Жергілікті полиция инс­пекторына шағымданған сәтте, тәртіп сақшысы миығынан күліп мені мазақ етті, ­– деді ол. Бұдан бөлек, белгілі журналист «Кызылординский вести» газетінің аудандағы тілшісі Мақсұт Ибрашев орталықтағы Сейфуллин мен Абылайхан көшелерінің қиылысына бағдаршам қажет екенін ескертіп, мектеп оқушыларының жиі жүретін жерлерге арнайы белгілер қойылса деген ұсынысын жеткізді. Осылайша, Шиелі кентіндегі тәртіп мәселесінің бір шама түйіні тарқатылып, аудан әкімі тарапынан аудандық ішкі істер бөлімі басшысы С.Тоқтыбаевқа тапсырмалар берілді.
Осыдан кейін Шиелі кентінің әкімі Ғ.Аманжолов кенттің әлеуметтік-экономи­калық дамуы мен жыл көлемінде атқарылған жұмыстарына есеп беруді бастап кетті. Ғ.Сейілханұлының сөзін саралай отырып, кентке кіре беріс Ясауи көшесі кеңейіп, қос жағалауынан тротуар түсіп, 4 жолақты даңғылға айналатынын білдік. Сондай-ақ, кентішілік жарық шамдары жаңартылып, біраз көшеге күрделі жөндеу жүргізілмек. Жол бойындағы аялдамалар санын кө­бейтіп, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында ойын алаңдарын көбейту де биылғы жылдың еншісінде екен. Бірақ, берілген уәдеге аса көңілдері тола қоймаған жиынға қатысушылар кент әкімінің баян­­­­­­­дамасы бітісімен Ғ.Аманжоловты қайта сұрақтың астына алды.
Бұл жолы тұрғындар Ағыбай батыр көшесінің тұйығындағы арақ сататын дүкеннің мәселесін көтерді. Айтуларынша, қазір батыр көшесінің тұйығы ішімдікке сылқия тойып алған «батыраштарға» толған. Ондағы дүкен тоқтаусыз тәулігіне 24 сағат жұмыс жасайтын көрінеді. Иә, ел болашағы дені сау, салауатты өмір салтын ұстанған ұрпақтың қолында деп ұрандатып жүрміз. Десек те, шыныға ғана сыйған шарапқа шектеу жасауға әл-дәрменіміз жетер емес. Оның болашағымыз үшін қауіпті, зардабы сұрапыл екенін біле тұра дастарқанымыздан алып тастауға мүмкіндік болмай тұр. Соның салдарынан, нақтырақ айтқанда, араққа деген сұраныстың себебінен арақ сататын дүкендердің іші ішімдікке, сырты «ішкіштерге» толуда. Бұл мәселені аудан басшыларына артып қоймай ел болып, бірігіп күш қосуымыз керек секілді. Жиында кентішілік Шиелі арығының түрлі қоқыстарға толып, арналарының бітеліп қалып жатқаны да сөз болды. Одан бөлек «теріскейдегі Н.Бекежанов пен Шәкәрім көшелерінің қиылысынан өту мүмкін емес. Кішкене жаңбыр жауса балшық болып, тобықтан келетін суды кешуге мәжбүрміз», – деген көпшілік жанайқайын жеткізді. Тұрғындардың шағымы мұнымен тоқтамады. Тізе берсек жөндеусіз жатқан көшелер, істен шыққан трансформатор, тротуар, тазалық мәселесін тұрғындар бірінен соң бірі жарыса айтты.
Жиында қордаланып қалған көп­теген түйіткілдің түйіні тарқатылып, тұрғындар тарапынан айтылған сын-ескертпелер есепке алынды. Ал, ол талап-тілектердің қаншалықты орындалып, нәтижелі жүзеге асуын алдағы уақытта көретін боламыз.

Елдос Жүсіп,
Б.Бәйімбет (фото).
26 қаңтар 2019 ж. 846 0