Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сыр медиа» академиясы ашылды

«Сыр медиа» академиясы ашылды


Облыстық, қалалық, аудандық басылымдар мен «Кызылорда ньюс» интернет газетін және «Рухани жаңғыру» ақпараттық талдау орталығының басын біріктірген «Сыр медиа» мекемесінде 574 адам еңбек етеді. әрбір басылымның өз алдына сайты бар. оқырман осылайша аймақ, ел және әлем жаңалықтарынан ұдайы хабардар болып отырады.

Өткен жылдың басында медиа қызметкерлеріне және студенттеріне білімін шыңдауға, біліктілігін арттыруға және заманауи трендтермен танысуға мүмкіндік беретін оқу алаңы – республикалық «Егемен академиясы» жұмысын бастаған болатын. Соның жалғасы іспеттес облыстық «Сыр медиа» академиясы жуырда ғана өз жұмысын бастады.
Аталмыш орталық жергілікті БАҚ мамандарының біліктілігін арттырып, салалық журналистикаға бейімдеу және заманауи трендтермен таныстыру мақсатында серіктестік жанынан ашылды. Онда тәлім алып, тәжірибе жинақтау мақсатында жеті ауданнан жиналған шығармашылық топ алғашқы оқу курсын кеше бастап кетті.
Академияның бір маусымы үш айға созылады. Апталық дәрісінің ұзақтығы – 21 сағат. Онда журналистикада ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан ақпарат саласының үздіктері дәріс береді. Қатысушылар қысқа ақпараттан бастап, көлемді мақалалар мен аналитикалық зерттеу жасау, бейтараптық, сондай-ақ сайт жұмысын жетілдіру ісінде контент пен рейтинг мәселелері төңірегінде тәжірибе алмасады. Мұнымен қоса, «Сыр медиа» радиостудиясында дыбыстау және монтаждау жұмыстарымен танысады.
Кеше аудандық, қалалық газет тілшілері академияға келіп бір апталық семинар-тренингті бастады.
22 қаңтар 2019 ж. 991 0