Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайырымдылықты қолға алған ауыл

Қайырымдылықты қолға алған ауыл


Күндер көз ілеспей, айлар асығып, жылдар жылжып жатыр. Әне-міне дегенше, 2019 жылға қадам бастық. Ит жылының соңғы күнінде Жиделіарық ауылында өнегелі қайырымдылық шарасы өтті.
Кез келген адам өткен бір күн, бір жылына есеп беріп, нәтиже шығарса, үлкен табысқа жетуге болады. Сарқырап аққан өзендей сағат тілі де тоқтаусыз жүріп жатыр. Бірақ, осы уақыт ішінде кімге қандай жақсылық жасай алдық екен. Кейде Алланың бергенін армансыз жаратып, садақаны санадан шығарып алып жүреміз. Есепсіз ақшаны еселеп қайтаратын құдайдың жолына қимай қалмайтын азаматтардың бары қуантады. Жаңа жыл қарсаңында қалтадағы қаржысын отшашуға емес, тұрмысы төмен отбасыларға жұмсаған ерлерге ауыл халқы дән риза. Әлеуметтік аз қамтылған тоғыз отбасыға азық-түлік алып берді. Мәслихат депутаты Б.Әшірбеков, Н.Әміров және Ш.Қалбергенов пен ауылдық шаруа қожалық төрағалары М.Әбдіқожаев, Б.Апбас, О.Тоқпанбетов, Т.Рысбеков, Е.Жолдасов, Ж.Аюпов, Ә.Жұмабай, Б.Ысқақова Ә.Әшіров сынды қолы ашық, жомарт азаматтарға Жиделі ауылының тұрғындары алғыстарын жеткізді. Алақандай ауылда мұндай игі, өнегелі шараның өтуі ауыл имамы Ә.Жолтаевтың үлкен жұмысының жемісі. Дінді өз деңгейінде насихаттап, жүйелі іс жасаса ауылда тұрмысы төмен отбасылар азаяр еді. Осының көрінісі Жиделіарық ауы­лында орын алып, қаншама жүректерге жылу сыйлады. Бұл шараның өтуіне Жиделіарық ауылдық округі әкімдігі мұрындық болып, көмек қолын созған азаматтарға алғыс білдірді.

Бекжан ЕРЖІГІТ.
04 қаңтар 2019 ж. 1 211 0