Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұраты – танымалдылық емес, кемелдену

Мұраты – танымалдылық емес, кемелдену


Мынау жанталасып, қарбаласқан тіршіліктен кейде жаның жаурайды. Қай жағыңызға қарасаңыз да мәселемен басы қатқан бір пенде. Бірінің несиесі, бірінің үйі, бірінің жұмысы... Әйтеуір ауыр ойлардың астында қалған жандар. Жүздерінде жылылық, жанарларында жылуы жоқ секілді. Осындай еңсені тұңғиыққа батырған жайттан кейде жарық сәуле сығалайды. Сол сәуле адамдарға үміт сыйлап, тәубеге келтіреді. Бұл шынайы жасалған жақсылық, қайырымдылық істер.
Жақсы істер жасап, қиналғанға қол ұшын созатындардың қатары көбейді. Қарасы қалыңдады. Оны өмірден де, әлеуметтік желілерден де көреміз. Әрине, қуанамыз. Алайда, сол жасаған жақсы істерін жасырын ұстамай, жұртқа жариялап, жар салу соңғы кездері сәнге айналып кеткендей. Кей кезде қайырымдылықты насихаттаудың жөні осы екен деп, асыра сілтеп жіберетініміз бар. Мәселен, жыл сайын «Мектепке жол» акциясы өтеді. Акцияға қатысушылар әлеуметтік қолдауды қажет ететін баланы киіндіріп, оқу құралын түгендеп берсе, міндетті түрде суретке түсіріп, газетке жариялау­ды, мақала ішіне оқушының аты-жөнін де жазып көрсетуді құптайды. Осындайда «көңілі қаяу кісіге көмектесіп тұрып, оның кемшілігін бетіне басу қайырлы іс пе?!» деген ойға келесіз. Жақсылық жасап тұрып, бір сәт жеке адамның көңіліне қаяу түспегенін де ойланғанымыз дұрыс-ау. Сол газеттен әлгі оқушының суретін көріп, атын оқыған сыныптасы «мынау сенсің бе?», «Саған киімді ата-анаң алып бермейді ме?» деген жәй балалық қызығушылықтан туындаған сұрақтардың өзі ол баланың жүрегін жаралайтынын ойламасақ керек. Ал, келесі бір көріністе «Көпбалалы анаға азық-түлік алып берді» деп те жариялап жатамыз. Сонда дейміз да, жоқшылықтан емес, кісі қабағына жаутаңдап қалғанына намыстанады деп неге тереңірек ойға бармаймыз? Тіпті, қорланып жүрген әйелдің қолына азық-түлік салынған қалта ұстатып, бар мәселе осымен шешілгендей суретке түсіп, әлеуметтік желіге жариялаймыз. Сөйтіп, тиісті мекемелерге кімге қандай көмек жасалғаны жөнінде есеп береміз. Осы ісіміз дұрыс па?! Адам қайырымдылықты имандылық үшін жасамай ма?! Ендеше, игі істің бағасын неге түсіреміз? Адамзат ұғымында қайырымдылық жасап, жарлының мұң-мұқтажын өтеу, қиналғандарға қолұшын созу ізгі істің бірі екендігі белгілі.
Қазақта «Жақсы кемітпейді де, кемсітпейді де», – деген сөз бар екен. Адамдар берген садақасы, жасаған қайырымдылықтарын міндетсінбей, мақтанбай, жұртқа көрсету үшін емес, тек шынайы түрде Алла ризалығы үшін болуы тиісті деп түсінуге аса көп білімді болудың қажеті жоқ шығар, бәлкім. Адамдардың арасында жасаған жақсылығын міндетсінетін, мүсәпір мен мұқтажды ренжітетін адамдар жок емес, бар. Бұл күнде ондай жандарды кезіктіріп қаламыз арамыздан. Осы тұста Қасиетті Құраннан келтіре кетсек, «Егер садақаны (зекет, сол сияқты қайырлы істер) жария берсеңдер, қандай жақсы. Егер оны пақырларға жасырып берсеңіздер, бұл сендер үшін одан да жақсы. Бұл себептен, Алла күнәларыңды жасырады. Сондай – ақ, Алла істегендеріңді толық білуші» («Бақара» сүресі, 271 – аят), – деген. Бұл аятта жария беру де, жасырын беру де мақталған. Мақтану мақсатында көрсету басқа да, жария беру басқа. Әрбір жария істелген қайырлы іс рияға жата бермейді. Рия – өзін көрсету, қабілет-қасиетін жұртқа жаю немесе атақ-абырой, бедел жинау ниетімен жасалынған амал. Ал мақсаты тек қана шариғаттың бұйрығын орындау, сол арқылы Алланың ризалығын көздеу болып, жария садақа жасаса, бұл амалдың рияға кірмейтіні анық. Әрі бұл басқаларға үлгі, олардың олардың қайырлы істер атқаруына түрткі болмақ. Бүгінгі күнмен салыстырып айтар болсақ, адамдар діни үкімдерден алыстап, зекет-садақа сияқты қайырлы істер орындалмай жатқан уақытта олардың игі іс жасауға деген ниетін ояту, оларға үлгі болып жол бастау ниетімен бұндай амалдардың ашық істелуі жасырын істеуден де абзал болмақ. Садақаны жасырын берген соң, оны қайтадан жұртқа айтудың қажеті жоқ. Хадисте айтылғандай, пенде бір амалды жасырын істегенде, ол жасырын амал боп жазылады. Оны біреуге айтса, амалы жасырын дәрежеден түсіп, ашық жасағандай болады. Әрбір барған жерінде айтып жүрсе, ашық жасағаннан шығып, рияға айналады. Бұрынғы ізгі құлдар (сахаба, табиғиндер) басқа жұрттың емес, тіптен алған адамның өзі садақаны кім бергенін білмеуін қалаған. Садақа еткен нәрсені босағасының алдына қалдырып, есіктерін қағып қана кете барған.
Біздің айтпағымыз, қайырымдылық жасаудың мұраты өзіңді танымал етудің жолы емес, кемелдену екенін түсінген жөн секілді. Сәл ғана қайыр жасап, біреуге көмек қолын соза қалса, оны әлемге әйгілеп, жар салуға бейім бейғам жандар осыны естен шығармаса игі.

Дина ЖҮСІПОВА.
14 қараша 2018 ж. 1 435 0