Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шын мықты шыңға шықты

Шын мықты шыңға шықты


Ақмая ауылының 80 жылдығы және даңқты күрішші, социалистік Еңбек Ері Ким Ман Самның 135 жылдығына орай ауыл тұрғындары арасында спорттың волейбол, жүгіру, қол күрес, бокс секілді түрлерінен сайыстар өтті. Айтулы мерекеге арналған додаға ауылдың жасы мен кәрісі белсене қатысты.
Жалпы, ауылдағы жаңадан ашылған спорт кешенде арнайы маман жастарды ережесіз жекпе-жек, таэквондо, қазақша күрес секілді бірнеше спорт түрлеріне баулиды. Қазірдің өзінде сол жерде тәлім алып жүрген жас спортшылар облыстық, республикалық додаларға қатысып, жүлдемен оралып жүр.
Жүгіруден өткен марафонда қатарластарын шаң қаптырған Т.Абдукаримов мәреге алғаш боп жетіп, велосипед ұтып алды. Ал, І орынды иеленген Ж.Дәрібаеваға 15 мың теңге, ІІ орынмен Б.Мұсатаеваға 10 мың теңге сыйақы табысталды. Мәре сызығын бірдей кесіп өткен А.Амангелдиева мен А.Құрманәлиевлар ІІІ орынды місе тұтып, 5 мың теңгеден қаржылай жүлдеге ие болды. Марафонға барлығы 50 адам қатысты. Олардың барлығына арнайы сыйлықтар үлестірілді.
Ал, ауыларалық волейбол ойынында қырағылық танытқан Шиелі кентінің ардагерлер командасы топ жарып, 30 мың теңгелік ақшалай жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы бокстан М.Елеусіз, М.Төреханов, Н.Әбдімәлік өз салмақ дәрежелерінде қарсыластарынан басым түсіп, жеңіс төрінен көрінді.
Одан бөлек қол күрестен ауыл тұрғыны Е.Пірімбетов І орынмен, Б.Жосанов ІІ орынмен, Қ.Бекетов ІІІ орынмен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
«Туған жерге туын тігуді» міндетім деп білетін ауыл азаматтары О.Бекенов, Т.Уадилов, Ш.Оразмаханұлы, Н.Иманов, М.Даубалаев, Ә.Көбегенов, Қ.Жарасбаев, Р.Рановтар спорттық сайыстардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, демеушілік жасады.

Г.ЯХИЯЕВА.
25 желтоқсан 2018 ж. 1 259 0