ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ТӨРТ ЖАҢА НЫСАН
Ел дербестігінің 27 жылдығы қарсаңында ауданда төрт жаңа нысан пайдалануға берілді. Олардың барлығын аудан әкімі мен ардагерлер бастаған бір топ қауым аралап, лента қию рәсіміне қатысып қайтты.
Тәуелсіздік күніне орай ашылған алғашқы ғимарат Қарғалы ауылындағы әкім аппараты болды. Жаңа ғимарат жергілікті бюджет есебінен жобалық құны 42 млн. 583 мың теңгеге бой көтерген.
Аудан әкімі нысанның лентасын қиып, қуанышқа жиналған тұрғындар тәттіден шашу шашып, заман талабына сай салынған әкімшілік ғимаратын аралап шықты.Одан соң аудан басшысы бастаған топ Бестам ауылына қарай ат басын бұрды. Оған себеп те жоқ емес. Мұнда жиналған көпшілік ауылдағыжаңа спорт кешенінің салтанатты түрде ел игілігіне тапсырылу сәтіне куә болды.Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Қозыбаев» шаруа қожалығының төрағасы Баймұханбет Қозыбаевтың жеке қаражатына салынған кешеннің жобалық құны 65 млн. 900 мың теңгені құрайды.
Елбасы Жолдауында 2020 жылға дейін бұқаралық спортпен айналысатын қазақстандықтардың санын 30 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырма берілгені белгілі. Осы орайда өңірімізде заманауи спорт кешендері, дене шынықтыру жəне сауықтыру алаңдары көптеп салынуда.
Былтырғы жылы ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақмая ауылынан жобалық құны 70 млн. теңгені құрайтын спорт кешені пайдалануға берілсе, биылғы жылы Алғабас ауылында жалпы құны 42 млн. теңге болатын спорт кешені халық игілігіне табысталды. Сондай-ақ, Төңкеріс, Еңбекші, Жөлек ауылдарынан да дәл осындай кең спорт кешендері іске қосылды. Ал, Керделі ауылдық округінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Одан бөлек жақында ғана Гигант ауылдық округінен жобалық құны 180 млн. 102 мың теңгенің жабық жүзу бассейіні ел игілігі үшін берілген болатын.
Мереке аясында ашылған үшінші нысан Ясауи көшесі бойынан «Береке» сауда орталығы болды. Көлемі 600 шаршы метрді құрайтын сауда орнында азық-түліктің барлық түрі мен тұрмысқа қажетті өнімдер қолжетімді бағада сатылуда.Сауда нүктесінің салтанатты ашылуына аудан әкімі мен орынбасарлары, ақсақалдар, кент тұрғындары жиналды. Аудан басшысы Әшім Оразбекұлы:
– Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында кентіміздің орталық көшесінен осындай сауда орнының ашылуы аудан көркін одан әрі аша түсті. Өңірімізде жайма базарлар азайып, жабық, сәнді, таза сауда орындарының көбеюі дамудың бір көрінісі, – деді. Шараға жиналған көпшілік пайдаланусыз жатқан ғимаратты қалпына келтіріп, іске асырып жатқан кәсіпкерге табыс тіледі. Сауда орталығының лентасы салтанатты түрде қиылып, тәттіден шашу шашылды. Шараға қатысушылар ғимараттың ішін аралап, кәсіпкер Григорий Данелянға сәттілік тіледі.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген соңғы ғимарат «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі бойында орналасқан «жолаушыларға сервистік қызмет көрсету кешені» болды. Жаңа нысанды өз қаражатына соққан кәсіпкер – Б.Жүзкенов. Сервистік кешеннің ашылу салтанатында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, нысанның маңыздылығына тоқталды. Сұлутөбе ауылдық округі тұсында орналасқан сервистік қызмет көрсету кешенінің жобалық құны – 40 млн. теңгені құрап отыр. Кешен 7 қонақ үй бөлмесі, 100 орындық мейрамхана, автотұрақ, дүкен, көлік жөндеу және жуу орнымен қамтамасыз етілген. Аталған орталықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып үлгерді.
Гүлхан ЯХИЯ.
Бақытжан БӘЙІМБЕТ (фото).