Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Партия белсенділеріне төсбелгі тағылды

Партия белсенділеріне төсбелгі тағылды


Жуырда «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының мәжіліс залында бастауыш партия ұйымдарының белсенділерімен кездесу өтті. Жиынды аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жүргізді.
Аталған шарада аудан басшысы ағымдағы айдың 14-15 күндері Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының алғашқы республикалық «Бастауыш партия ұйымдарының» форумын талқылап, түйгендерін жиналған қауыммен бөлісті. Оған өңірден 3 делегат сайланып, форум жұмысына қатысып қайтқан болатын.
Биыл құрылғанына 19 жыл болған «Нұр Отан» партиясы осы уақыт ішінде шыңдалып, халықпен тікелей жұмыс жасап, кезек күттірмес шұғыл шешілуге тиіс мәселелерді үнемі назарда ұстап келеді. Осы жылдар ішінде «Нұр Отан» партиясы беделінің өсуі, іргелі істердің ұйытқысы болуы, Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының негізінде жүзеге асырылып келе жатыр. «Қазақстан-2050» Стратегиясында көзделген мақсаттарға жету жолында елімізде қолға алынған кең көлемді жұмыстар партия беделін асқақтата түсті. 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу межесі, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының жүзеге асырылып жатқаны – осылардың барлығына халықты жұмылдырып, алға ұмтылдыратын үлкен мақсат-мұраттарды айқындауда бастауыш партия ұйымдары мен партия мүшелерінің рөлі айрықша.
«Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима Маханбет сөз сөйлеп, ауданның экономикасы жақсарғандығын тілге тиек етті. Ал, аудан әкімі Әшім Оразбекұлы осынау шара барысында «Нұр Отан» партиясының жұмысына араласып, өздерінің қоғамдағы іскерлігімен көзге түскен партия белсенділерін Шиелі ауданының 90 жылдық медалімен марапаттады. «Көкшоқы» бастауыш партия ұйымының төрайымы Гүлдана Жақыпова мен «Семізбай-U» бастауыш партия ұйымының хатшысы Көркем Мырзабаевтың кеуделеріне төсбелгі тағылды.
Иә, расыменде өткенді ой елегінен өткізіп, саралау, атқарылған істердің ауқымына тоқталып, кемшін тұстарына нендей кедергілердің кері әсерін тигізіп отырғаны жөнінде келелі кеңес құру – өміріміздің айнымас заңдылығы. Ертеңгі болашаққа барар жолдың баяндылығын бағамдайтын әр істегі осынау байыпты қадамның өлшемін әрине, халық саралайды. «Нұр Отан» халықтық партия болғаннан соң ел тағдыры үшін жауапкершілік жүгін арқалап, өзінің құрылған күнінен бастап жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің дамуын жақсарту мақсатында экономика мен саясатта ауқымды реформаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.
Қол жеткен жетістік, толайым табыс, даму деңгейі жақсарған әлеуметтік жоғары көрсеткіштер Шиелі ауданында да көрініс тауып отыр. Осы орайда, игі бастамаларға негіз болған іргелі партияның бір филиалы, яғни, «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының 10 айындағы атқарылған жұмыстарына тоқталуды жөн санадық.
«Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима Маханбеттің мәліметі бойынша өңірде халық мүддесін жақсартуда ауқымды істер атқарылып келеді.
Қазіргі таңда 2018 жылға дейін аудандық филиалға қарасты 30 бастауыш ұйымдарында 6134 партия мүшесі тіркелген болса, қаңтар-қазан айларында аудандық филиалға қарасты 30 бастауыш ұйымдарында партия қатарына жаңадан 155 адам қабылданып, мүшелерінің саны 6243 адамға өскен. Бүгінгі таңда, «Нұр Отан» партиясының атынан облыстық мәслихатқа 3 депутат, аудандық мәслихатқа 15 депутат сайланды. Қоғамдағы өзінің орны бар, жауапты міндеттер арқалаған алтыншы шақырылымдағы аудандық мәслихат депутаттарының жартысы алғаш рет сайланып отырған азаматтар екендігін айта кеткіміз келеді. Партияның қызметі туралы ақпарат тарату және партияның мақсаттары мен міндеттерін насихаттау, күн тәртібінен түспейтін мәселелерге тоқталып, үнемі дұрыс шешім шығару филиал қызметінің басты міндеті болып табылмақ. Әрбір азаматтың өзінің құқықтары мен мүддесіне қатысты партия құжаттарымен, шешімдерімен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігі қамтамасыз етілген.
Жыл басынан бері, аудандық партия филиалына 351 азаматтан өтініштер түсіп, оның 183-і жазбаша түрде, 168-і ауызша түрде қабылданды. Ал, қоғамдық қабылдауға келушілердің басым бөлігі жұмыссыздық және тұрғын үй мәселелері бойынша өтініш білдірген. Олардың ішінде – 135 оң шешімін тапса, 36 азаматқа түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Барлық қабылдаулар саны 142. Аудан әкімі 6 рет, аудан әкімінің орынбасары 11 рет, мәслихат депутаттары 79 рет, мемлекеттік құрылымдар мен мекеме басшылары – 36 рет, құқық қорғау саласының мамандары –12 рет, заңгерлер – 16 рет, өзге мамандар – 18 рет қоғамдық қабылдау өткізген.


Жұлдызай Ноғайбайқызы.
27 қараша 2018 ж. 1 092 0