Сыр журналистері Мәскеуде
Сыр өңірінің қаламгерлері облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Мәскеу қаласына іс-сапарға аттанды. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы сандық жүйенің түрленуі мен әлем тәжірибесін жинақтау мақсатында жолға шыққан журналистерді облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина, Елена Шмарина, «Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов бастап барды.
Сыр елінен барған делегация алдымен Мәскеудегі Ұлы Отан соғысының батыры Әлия Молдағұлова атындағы №402 мектепке табан тіреді. Қайсар қазақ қызына қойылған ескерткіш басына гүл шоқтарын қойып, арнайы мұражайды аралады. Мектептің 1-сынып оқушылары Әлия Молдағұлова және Қазақстан жайлы таным-түсініктерін ортаға салды. Ал, сынып жетекшісі Наталья Николаевна қазақ қызының ерліктерін тамсана айтып, Алаш ұлтының екінші дүние жүзілік соғыста Отан қорғаудағы ерліктеріне тоқталды. Сыр елінің тілшілері музей ішіне ұлттық нақыштағы шаңырақ, домбыра, қобыз секілді құндылықтарымызды сыйға тартты. Одан әрі, Мəскеудің əйгілі орталық қорымы, мемлекет қайраткерлері жатқан «Ваганков» қорымына барып, шығыс жұлдызы атанып, небəрі 23 жасында қайтыс болған жерлесіміз Ғани Мұратбаевтың басына гүл шоғын қойып, құлыптасын тазалап, құран оқыды.
Сәт сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан мемлекеттерге көз тастай отырып, сандық жүйенің сиқыры мен ІТ-технологияның құдіретін меңгеруді біз де мақсат тұтып отырмыз. Осы мақсатта сырбойылық қаламгерлер Мәскеу қаласы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өтетін Х халықаралық «БАҚ және жаппай байланыс-2018», («СМИ и массовые коммуникации-2018») ғылыми оқылымына қатысты. Аталмыш конференцияны журналистика факультетінің деканы Елена Вартанова ашып, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтармен таныстырды. Жалпы, конференцияда бірнеше секция бойынша әлемдік трендтке айналған тақырыптар қозғалды.
Мәскеудегі іс-сапар барысын газеттің алдағы нөмірінде, делегация мүшелері елге келген соң толық тарқатып жазатын боламыз.
«Өскен өңір» ақпарат.