Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас кәсіпкерлер форумы өтті

Жас кәсіпкерлер форумы өтті


Міне, сары алтын күздің салқын ауасы да сезіледі. Барша ағайын қысқы мал – жанының азық-қорегін қамдау үстінде. Әдетте, қысқа қарбалас дайындықпен қатар жүретін күздің өз мерекесі еш ұмыт болған емес. Күз мезгілін дүркірете мерекелеп өткізу қалыптасқан үрдіске айналды. Аудан көлемінде күн сайын түрлі шаралар орын алып, игі бастамалар жасалуда. Соның бірі – алғаш рет «Кәсіпкерлік-табыс кілті» тақырыбында жас кәсіпкерлер форумы өтті.
Кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің алға қойылған маңызды міндеттердің бірі. Кәсіпкерлік қаншалықты дамыса, экономикада соншалықты өркендеп өсе бермек. Сол себепті де, Елбасы халыққа арнаған Жолдауында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет» деп, елдің алдына үлкен мақсат қойды.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры А.Маманованың ұйымдастырумен №45 «Ақ Орда» мектеп-гиназиясында «Кәсіпкерлік-табыс кілті» тақырыбында аудандық жас кәсіпкерлер форумына 60 адам қатысты. Форумдағы жастарды кәсіпкерлік-табыс кілті және кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасау бағыты бойынша секцияға бөлініп, өз жұмыстарына кірісіп кетті. Екі топқа бөлінген жас кәсіпкерлер «Атамекен» Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Шиелі ауданындағы бизнес тренері Е.Құлшықбаев «Кәсіпкер болғысы келетін жас көп деп әңгімесін бастады. Бірақ олардың көпшілігі кәсіпті неден және қалай бастарын білмейді. Ал бизнесті дөңгелентіп әкетуге ниеті бар, бірақ қолында қаржысы жоқ жас не істеуі керек? Көмекті, кеңесті кімнен сұрағаны жөн? Мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген жастарға шын мәнінде қандай қолдаулар көрсетілуде» осы төңірегінде мәліметтер беріп, бір жарым сағат бойы жас кәсіпкерлердің көптеген сұрақтарына жауап берді.
Мұнан соң, форумдаға жастар аудандық мәдениет үйіне қарай бағыт алып, семинар тренингті қызу талқылап барды. Содан кейін, мәдениет үйінің кіре беріс залында жас кәсіпкерлердің көрмесі өтті. Онда түрлі жас кәсіпкерлер қолдан тоқылған киімдері көздің жауын алса, келесі тұрған мүсіндер ертегі кейіпкерлерін алып келгендей көрінді. Енді, сол жағына қарасаңыз онда тәтті тоқаштар мен торттардың исі мұрын жарса, қаз-қатар тұрған сүт өнімдері көңілді көншітеді. Тіпті, жастар пікір алмасып, бір-біріне өнімдерін таныстырып, мәз-мәйрам болып, шүйіркелесуде.
Одан әрі қарай, «Кәсіпкерлік – табыс кілті» тақырыбындағы аудандық жас кәсіпкерлер форумы пленарлық отырыспен жалғасын тапты. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы жүргізіп, «Биылғы жыл «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» болғандықтан, жастарға үлкен мүмкіндіктерге жол ашылуда. Негізінен форумның мақсаты – орта және кіші кәсіпкерлік саласында белгілі бір дәрежеге жеткен кәсіпкерлерді жастармен кездестіріп, өзара пікір алмасуына жағдай жасап, жас буын мен орта буын арасында тәжірибе алмасуға ықпал ету, жастар кәсіпкерлігінің басты бағыттарын айқындау, олардың кәсіпкерлікке деген ынтасын арттыру және жастар арасында кәсіпкерліктің дамуына қолдау болып табылады», – деді. Осыдан кейін сөз алған «Жастар ресурстық орталығының директоры А.Маманова кәсіпкерлік бағытта орталықта атқарған жұмыстарын тілге тиек етті. Жастар белсенділігі, жастар іскерлігі қай заманда болмасын назардан тыс қалған емес. Аталмыш форумға қатысқан Сандуғаш Үсенова «Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір» болғандықтан жеке кәсіптерін енді бастап жатқан тәжірибесіз жас кәсіпкерлерге гранттар көптеп бөлінсе, одан әрі сенімі мен белсенділігі нығая түсер еді» – деп аудан әкіміне ұсынысын айтты.
Көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Адал еңбек еткеннің қашанда көңілі шат жүреді. Сондықтан, «Адамды көркейтетін-еңбек» деген осы шығар, бәлкім. Шынында әлем еңбекпен ғана жасарып, жаңғырады. Алғыр, істің тетігін білетін жастар елдің ертеңі екені сөзсіз. Форум аясында жас кәсіпкерлер тәжірибе алмасып, ортақ ойласуының да маңызы зор. Мұнан соң, аудандағы бірқатар жастарды өңір басшысы алғыс хатпен марапаттап, кәсіпкерлік саласының өркендеуіне үлес қоса беріңдер деп алғысын білдірді.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
25 қыркүйек 2018 ж. 1 501 0