Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шырайлы Шиелі

Шырайлы Шиелі


Қыдыр дарыған өлкенің бірі – киелі Шиелі өңірі. Ел аузында еш жерде өспейтін ақ шеңгел мен шие өскен жер болғандықтан әулиелі, киелі жер деп санап, екінші жағынан «Оқшы ата» ескі қорымымен байланыстырып, киелі Шиелі атаған деген де сөз бар. Бұрындары жабайы шие ағашы көп болған, сосын Шиелі деп қойған деп те жатады. Шиелі қарт Қаратау мен Сырдария өзені аралығында жатқан шөбі шүйгін, суы мол, Қаратау жоталары мен сайын даласын қарақұйрық, ақбөкен, арқарлар жайлаған, шеңгелі, жыңғылы, жидесі, нар қамысы тіршілікке қолайлы, өзен жағалауды ну орман, қалың ағаш,тұмсық батпас тоғай, қысы-жазы малға да, жанға да жайлы топырағы құнарлы жер. Тұран ойпатының белортасынан ойып орын алып жатқан Шиелі өңірінің халқы ежелден ауыл шаруашылығының басты саласы – егін және мал шаруашылығымен айналысып келген. Шиелі жерінің солтүстік – шығысы таулы, басқа жағы жазық келеді. Оның оңтүстік шығысынан солтүстік батысына қарай Сырдария өзені ағып өтеді. Ал, солтүстігінде шөгіп жатқан нардай Қаратау жоталары Шиеліні теріскейдің алапат желінен сақтап тұр. Қаратаудың біткен жері де – осы Шиелі.
Шиелі өңірінің тарихы – күллі Сыр бойы тарихының, кеңінен алсақ жалпы, қазақ елі, алты Алаш тарихының ажыратылмас бір бөлшегі деуімізге болады.1928 жылы қыркүйек айында орыстың генерал, губернаторы Перовскийдің қарамағында қызмет атқарған полковник Скоблевтің атын жамылған Скоблев болысының орнына Шиелі ауданы құрылды. Аудан тарихы осы кезден бастау алады. 1928 жылы 25 қазанда «Жөлекте» алғаш «Тигр» атты артель («ТОЗ») ұйымдастыр­ылады. Осы жылы қазіргі «Алғабас» ауылының негізгі №12 ауыл деген атпен серіктестік болып құрылады. 1929 жылы ауданда тұңғыш телефон желісі тартылып, іске қосылады. Сондай-ақ, «Қызылту» колхозы ұйым­дастыр­ыл­ып, оның ал­­ғаш­қы­ төрағасы болып, Сыздық Боқ­аев сайланады. 1929 жылы Шиелі Жаңақорған аудынымен қосылады.  Жыл аяғында «Жөлекте» «Рисовод» колхозы дүниеге келеді. 1934 жылы 19 қаңтарда Жаңақорған ауданының орталығы Шиелі поселкесіне көшіріледі. 1931-1933 жылдары елімізде болған ашаршылық, Шиелі өңірін де шарпып өтті. Көп отбасы ашаршылыққа ұшырайды. Адам өлімі де аз болмайды. 1936 жылы Ы.Жақаев бірінші рет күріш звеносын басқарады. 1937 жылы аудандық денсаулық сақтау бөлімі құрылады. Оны әскери дәрігер Әділбек Тоқтыбаев басқарады. 1938 жылы 16 ақпанда Шиеліге Приморск өлкесінен 277 отбасы – корей ағайындар жер аударылады. Осы жылы «1 Май» колхозының балабақша меңгерушісі Мәлике Басанова бірінші шақырыл­ған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. 1938 жылы Қызылорда облысының ұйымдастырылуына байланысты Шиелі- Жаңақорған ауданынан бөлініп, өз алдына  – дана дербес аудан болады. Аудан құрамына 9 ауылдық кеңесі, 31 елді-мекен, 2 поселке (Шиелі, «Жөлек») енеді. Осы кезде ауданда 23 мектеп жұмыс атқарып, онда 3477 оқушы білім алған. 1939 жылы ақын, жезтаңдай әнші Нартай Бекежановқа «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы беріледі. Осы жылдың ақпан айында Шиелі аудандық партия ұйымының бірінші конференциясы өтіп, аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы болып Шушанян, 11-і хатшылығына Тұрсұнқұлов деген азаматтар сайланады. 1939 жылы 19 наурызда Шиелі аудандық «Стахановшы» газетінің бірінші нөмері жарық көріп, оған алғашқы редактор Мәді Молдыстамов қол қояды. Осы жылы 6 маусымда облыс ақындарының бірінші слеті өтіп, Қазақстан Жазушылар одағының екінші съезіне Нартай Бекежанов делегат болып сайланады. 1940 жылы 29 сәуірде 27 шақырымдық Шиелі каналының бірінші кезеңі пайдалануға беріледі. 1942 жылы «Авангард» колхозының звено жетекшісі Ким Ман Сам 20 гектар күріштің әр гектарынан 150 центнерден өнім алып, оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, ол КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылады. 1941-1945 жылдардағы соғыста бүкіл қазақстан­дықтармен бірге шиелілік жауынгерлер де Отанға берген антын адал орындай отырып, ел басына түскен сын сағатта өз борыштарын абыроймен атқарып, алдыңғы саптан табылады. Ұлы Отан соғысына Шиелі ауданынан 3200 азамат аттанып, оның 1793-і майдан даласында мерт болады. 1944 жылы Ыбырай Жақаев 5 гектар күріштің әр гектарынан 172 центнерден өнім алып, бұл көрсет­кіш дүниежүзілік рекорд есебінде тіркеледі.  Ы.Жақаев осы жылы еңбегіне тиісті 106 мың сомды Отан қорғау қорына аударады. 1945 жылы Ыбырай Жақаевқа КСРО Мемлекеттік сыйлығы табысталады. 1949 жылы Ы.Жақаев пен «Коммунизм» колхозының күрішшісі Маман Қалдыбаев­қа Социалистік Еңбек Ері ат­ағы беріл­ген­дігі жөнінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Указы жарияланады. Қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқанов 1951 жылы «Сырдария» романын жазу үшін атақты күрішші  Ы.Жақаевтың үйінде 20 күн жатып, еңбек майталманымен ұзақ сырласады. 1951 жылдың соңында Социалистік Еңбек Ері атағын алған 30 адамға, орден, медальдармен марапатталған 155 адамға наг­радаларын тапсыру үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиум мүшесі, даңқты Әліби Жангелдин келеді. Награда тапсыру салтанаты «Авангард» совхозының клубында өтеді. Онда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Көмекбай Қаракөзов сөз сөйлейді. 1958 жылы 12 қарашада «Бәйгеқұм» ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі ашылып, оның алғашқы директорлығына Нұрмахан Қасымов тағайын­далады. Ол 1983 жылы СПТУ, кейін КТУ болып аталады. 1959 жылы Сталин колхозы (қазіргі «Ортақшыл»),  «Сырдария» совхозына қосылады. 1961 жылы мамыр айында Н.С.Хрущевтің солақай саясатымен тоқтап қалған аудандық «Коммунизм жолы» газеті 1963 жылы 1 мамырдан бас­тап «Өскен өңір» аталып, бас редактор Дүйсенбі Смайыловтың басшылығымен жарық көре бастайды. 1967 жылы «Гигант» колхозына «Еңбек Қызыл Ту» ордені табысталатын.

Осы жылдың қаңтар айында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің шешімімен «Тартоғай» ауылдық кеңесі Шиелі ауданынан Сырдария ауданының құрамына беріледі. 1968 жылы ауданда «Жас дәурен» ән-би ансамблі құрылады. Ансамбльдің алғашқы бағдарламасын жасауға жерлес жазушы Оразбек Бодықов, атақты композитор Әсет Бейсеуовтер қатысады. Ұйымдастырудың басы-қасында аудандық партия комитетінің хатшысы Дүйсенбі Смайылов, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Перуза Жүсіпова, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Жақаш Қоңыратбаевтар болады. «Сыр маржаны» әні де осы уақытта туған болатын. 1971 жылы   Ы.Жақаев екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атанып, қуанышқа бөленеді. 1971 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің VІІІ сайланған сайлауында Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетов пен Ленин атындағы колхоздың басқарма төрағасы Әзімхан Исмаиловтар депутат болып сайланады. 1977 жылы ауданда РУ-6 кеніші ашылып, оның алғашқы басқарушылығына В.Кан бекітіледі. 1980 жылы Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінде республикада тұңғыш милиция қызметкерлерінен «Жалын» атты ән-аспаптық ансамблі құ­рылады. Оған бөлім бастығы, милиция подполковнигі Кәрім Жұмағалиев бас­шылық жасаса, ан­самбль­­дің көр­кемдік жеткешісі бол­ып милиция капитаны Өркен Исмаилов басқарады. Ансамбль 10 қараша күні қазақ телеарнасынан милиция күніне арнап концерт қояды. Оған атақты композиторлар Әсет Бейсеуов пен Ескендір Хасанғалиевтар қат­ыса­ды. 1981 жылы 7 сәуірде «Қызылту» колхозына     Ы.Жақаевтің есімі беріл­іп, осы жылдың 19 қыркүйегі­н­де «Дала академигі» атақты күріш­ші, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбрай Жақаев қайтыс болады. 1982 жылы  Ы.Жақаев мұражайы ашылады, мемлекетке 582 центнер астық сатылады. 1984 жылы 30 сәуір күні аудан орталығындағы алаң бір ай мерзімде бітіп, ертеңіне 1 Май шеруі жаңа алаңда өтеді. Жыл қорытындысымен «Қазақстан­ның ХХХ жылдығы» совхозының шопаны Уәйда Әлиханов әр жүз аналықтан 184-тен қозы алуды қамтамасыз етеді. 1985 жылдың қаңтарында жүгеріші Жадыра Таспанбетова мен мұғалім Қалияш Тұрсынбаевалар Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Х сайланған депутаттары болып тіркеледі. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығына орай, 4 мамыр күні ҰОС қаза болған 1793 боздаққа үлкен мемориал кешені салынып, пайдалануға беріліп, 9 мамыр Жеңіс күні бірінші рет осы жерде үлкен шерумен мерекеленді. Осы жылдың 17 тамызында аудан орталығында спорт кешені (стадион) соғылып бітті. Орталық стадион, мемориал кешені, стадион барлығы аз күндер ішінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сейілбек Шаухамановтың басшылығымен соғылады. 1985 жылы аудан 14700 гектар күріш егіп, одан 73943 тонна күріш өндіреді. Осы жылы ауданда ірі қара малы 33100, қой-ешкі 205 мың, жылқы 4200, түйе малы 1500 басқа жетеді. 1985 жылы 6 маусымда Шиелі поселкелік кеңесінің сессия­сы азаматтарға «Шиелі поселкесінің құрметті азаматы» атағын беру туралы қаулы қабылдап, ережесін бекітеді. Бұл атаққа содан бері 6 адам ие болған. 1985 жылы «Телікөл» совхозының жүгері звеносының жетекшісі Жадыра Таспанбетова Социалистік Еңбек Ері атанады. 1989 жылы 30 қаңтарда Шиеліде тәулігіне бір тонна шұжық шығаратын цех іске қосылады. Жыл басында №150 «Ортақшыл» орта мектебінің химия-биология пәнінің мұғалімі Кенже Парманқұлова Мәскеу қаласында өткен бүкілодақтық мұғалімдер съезінің делегаты болып, қатысып қайтады. 1990 жылы «Коммунизм» колхозы Нартай Бекежанов ауылы деп аталады. 1990 жылы 10-18 тамызда «Жас дәурен» ансамблі Португалия еліне барып, қазақ өнер­інің құдіретін көрсетіп қайтады. Оны аудандық мәд­ениет бөлімінің бастығы Өскенбай Тәшенов басқарып барады. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы конститу­циялық Заң» басым дауыспен қабыл­данады. Қазақ елінің, ата-бабалар­ымыздың ғасырлар бойы күткен арманы орындалып, Қазақстан тәуелсіз ел атанады. Қазақ еліне бұдан артық қандай қуаныш, қандай бақыт керек еді?! Қазақ елі еңселі ел болудың жолына шындап кірісіп те кетеді. Елбасы Н.Назарбаев «Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық» – деген еді тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш сөзінде, 17 желтоқсан күні Алматыдағы республика алаңында өткен, мыңдаған адам қатысқан митінгіде.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
16 қыркүйек 2018 ж. 3 347 0