Айбарлы асқақ елдің Ата Заңы
30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай аудандық орталық кітапхана қызметкері Гүлзира Палымбетованың ұйымдастыруымен «Айбарлы асқақ елді асқақтатар Ата Заң» атты сұрақ-жауап сайысы өтті. Шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.
Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 23 жыл. Осы жылдар ішінде мемлекетіміз демократиялық даму жолынан өтіп, экономикада, әлеуметтік салаларда зор жетістіктерге жетіп келеді. Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ол елімізде сан алуан идеологиялық, сенімдік, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституциямызда бекітілген нормалар Қазақстан Республикасын гүлдендіру мақсатында еліміздің барлық азаматтарының бірлесіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет етулері үшін жағдайлар жасайды.
Аталмыш мереке қарсаңында ұйымдастырылған сайыста «Қыран» және «Тұлпар» тобы бақ сынасты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «мақал-мәтелдер», «тіл-өнер сайысы» және «иә-жоқ» ойыны сынды кезеңдерден тұрған зияткерлік сайысына аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Р.Нүрекеева, кітапханашы Г.Серікбаева, А.Садықовалар қазылық етті. Әр кезеңде сыннан сүрінбей өткен топтарға арнайы алғыс хаттар табысталып, сый-сияпат көрсетілді. Кеш соңында Қ.Бекзатханова, Ғ.Қожахметтердің орындауында рухты өлеңдер оқылып, патриоттық әндер шырқалды.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.