Бастама аясындағы баянды істер
Елбасы Н.Назарбаев Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға бағытталған қаражаттың әрбір тиыны тиісті жеріне жетуі қажеттігін, бұл бағытта қоғамдық бақылау дұрыс жүргізілуі керектігін қатаң тапсырған болатын. «Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы болып сенатор Бақытжан Жұмағұлов тағайындалған болатын. Кеңестің басты міндеті – әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуына қоғамдық мониторинг жүргізіп, тұрақты бақылауда ұстау. Сондай-ақ, бағдарламаның орындалу барысы туралы халыққа ақпарат беріп, қажетті түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру. Одан бөлек, Елбасы бастамаларын жүзеге асыру кезіндегі мәселелерді анықтап, тиісті мемлекеттік органдарға оларды шешу жолдарын ұсыну болды.
Ал, осынау жауапкершілікті ала отырып «...Бізге жүктелген мақсат-міндеттер айқын әрі анық. Ең бастысы міндетіміз – бастамаларды тиімді жүзеге асыру үшін партияның және қоғамның белсенді күштерін жұмылдырып, мемлекеттік органдарға жан-жақты көмек көрсету. Сондықтан, қоғамдық кеңеске ауқымды міндеттер жүктеліп отыр», – деген болатын Б.Жұмағұлов өз сөзінде.
Міне, міндеттердің үдесінен шығуды жоспарына нық қойған кеңес төрағасы өткен демалыс күнін аймағымызда іс-сапармен өткізді. Нақтырақ айтқанда, сенбі яғни, 4 тамыз күні Алаштың анасы атанған Сыр бойына бағыт алған делегация аймақтағы әлеуметтік және өнеркәсіптік объектілердің жұмысымен танысты.
Облыс экономикасында өндірістік аймақ ретінде ерекше орны бар Шиелі ауданы да қоғамдық кеңестің назарынан тыс қалмады. Делегация мүшелерін аудан әкімі Ә.Оразбекұлы күтіп алды.
Сонымен, республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов,
парламент мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков жұмыс сапары аясында Президенттің бес әлеуметтік бастамасының орындалу барысымен танысты.
Сенаторлар аудандағы «Ару ана» шұбат цехының жұмысына қанығып, «Шиелі төрт түлігі» кооператив төрағасы С.Ермахановпен кездесті. «Талаптан» ауылдық округіндегі түйе шаруашылығымен айналысатын аталған кооператив мүшесі Ғ.Төлегенов әлеуметтік бес бастама аясында шаруаларға жасалып жатқан жағдай мен жеңілдетілген несие жайындағы өз ойын ортаға салып, лебізін жеткізді. Б.Жұмағұлов бастаған делегация мүшелері шұбаттан дайындалатын балмұздақты көріп, сиыр сүтінен дайындалып жатқан қатықты, осы өнімдерді құятын құтыны өндіретін орындардың жұмысына қанығып, жұмысына жоғары баға берді.
Айта кету керек, «ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Шиелі төрт түлігі» кооперативі құрылып, сүтті өндіру және өңдеу мақсатында «Ару ана» шұбат цехы жұмыс жасауда. «Ару ана» шұбат цехы тәулігіне 1 тонна шұбат және сиыр сүтінен қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт және балмұздақ өнімдерін нарыққа шығарып келеді. Кооперативтің 21 мүшесі 2017 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы 64,5 млн. теңге несие алып, 2017 жылдың қазан-қараша айларында 258 бас сүт бағытындағы мүйізді ірі қара мал алған көрінеді.
Өндірісі өркендеп, агросаласының адымы арынды аудандағы ел үшін маңызды бес бастама аясындағы атқарылып жатқан жұмыстары осылайша сараланды.
Дина ЖҮСІПОВА.