Елбасы Қанат Исламды "Құрмет" орденімен марапаттады
Қазақстан Президенті резиденциясында мемлекеттік жүлделер мен сыйақыларды табыстау рәсімі өтті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ кәсіпқой боксшысы Қанат Исламды "Құрмет" орденімен марапаттады. Бұл орденмен экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, білімді дамытуға еңбек сіңірген қайраткер азаматтар марапатталады. “Құрмет” ордені қазақ оюларымен нақышталған бес жұлдыз пішінде, оның астынан шапақты сәулелер көрінеді, ортасындағы шеңбердің ішінде гүл жапырақ бейнесіндегі айшықты өрнек, оның астында “Құрмет” деген жазуы бар. 1993 жылы тағайындалған марапат. Сондай-ақ бұл марапатқа әнші, актриса Әсел Сәдуақасова да ие болды. Қанат Исламнан өзге мемлекет қызметкерлер де жоғары мәртебелі марапаттарға ие болды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов "Отан" орденімен марапатталды. Жоғарғы соттың жаңа төрағасы Жақып Асанов, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, әділет министрі Марат Бекетаев және инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек "Парасат" орденінің иегерлері атанды. Айта кетейік, Қазақстан Президенті "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовке "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын беру туралы жарлыққа қол қойған. Сонымен қатар, бұл марапат "Теңізшевройл" ЖШС менеджері Руслан Қуатов және "Жақсылық" ШҚ жетекшісі, балуан Жақсылық Үшкемпіровке берілді.