Ерекше жандар еленген күн
Сәрсенбінің сәтінде «Kidspark» балалар ойын-сауық орталығында аудандық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы мекемесінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі щектеулі балаларға арналған Тәуелсіздік күніне орай іс-шара болып өтті.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып-қағу, күтудің ауыртпалығы алдымен ата-анаға түсері анық. Ал пейілі кең адамдардың ықыласы мен қамқорлығы олар үшін үлкен қолдау. Балалардың қимыл қозғалысын ширатып, ой өрісін арттырумен айналысатын мамандар бүлдіршіндерге қол ұшын беруде мейірім мен төзім аса қажет екенін айтады.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов және «Kidspark» балалар ойын-сауық орталығының басшысы Ж.Жаниязова ашып, балалар мен қонақтарды осынау мерекемен құттықтап, игі тілектерін арнады. Салтанатты жиын барысында балалар жырдан шашу шашып, мың бұралған би де биленді. Еліміздің айшықты мерекесіне арналған «Тәуелсіз ел ұланымыз» тақырыбындағы мерекелік салтанатқа 82 бала қатысып, «BANAS» ЖШС демеушілігімен дайындалған тәттілер мен сый-сияпатқа ие болды. Ауданымыз бойынша осы санаттағы балалардың саны бүгінде 155 болса, оның ішінде 1 сынып пен 5 сынып арасындағы балалар саны 82-ні құрап отыр.
Көңілді кешті қорытындылаған аудандық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы мекемесінің меңгерушісі Г.Тымбаулиева демеушілерге алғысын жаудырып, балаларға сәттілік пен денсаулық тіледі.
Мұнан әрі балалар орталықтың үш қабатында орналасқан ойын аттракциондарында ойнап, шат-шадыман күйге еніп, ата-аналар күнделікті тірліктерінен бір сергіп қалды.