Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕС ШАҢЫРАҚТЫҢ ШАТТЫҒЫ ЕСЕЛЕНГЕН КҮН

БЕС ШАҢЫРАҚТЫҢ ШАТТЫҒЫ ЕСЕЛЕНГЕН КҮН

Отбасы күні Шиелі ­ауданында 5 сәбидің дүние есігін ашуы – мерекеге келген ең әдемі сый болды. Осы күні ауданда 3 ұл бен 2 қыз өмірге келіп, бес шаңырақтың шаттығын еселеді.
Әрбір сәби – отбасымен қатар елдің де қуанышы. «Бала – бауыр еті, жүректің бөлшегі» дегендей, өмірге келген әр нәрестенің үні – болашаққа бастар ақжолтай үн. Мереке қарсаңында Шиелі ауданы қоғамдық даму бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің тапсырысы аясында «Жалынды жастар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан ­Есенбаев, аудандық Әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйлә ­Палымбет перзентханада болып, жас аналарды қуанышты күндерімен құттықтады. Ақ тілектерін арнап, сый-сияпат табыстады. «Дүниеге сәби әкелу және демографияны көтеру – кез келген мемлекеттің болашағы мен ұлттың сақталып, дамуы үшін жасалатын ең үлкен әрі маңызды іс. Бала тәрбиелеп, оны елдің лайықты азаматы етіп өсіру – үлкен жауапкершілікті, қажырлы еңбекті және шексіз махаббатты талап етеді. Сондықтан бұл іске үлес қосып жатқан әрбір отбасы, әрбір ана ерекше құрметке лайық» – деді К.Есенбаев.
Бесіктен басталған бақыттың баянды болуын тілеген игі ниет – мерекенің мәнін арттыра түсті.

«Өскен өңір» ақпарат
15 қыркүйек 2026 ж. 112 0