Әр отбасы – бір әлем
15 мамыр – Отбасы күні. Бұл – адам өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі саналатын шаңырақтың маңызын дәріптейтін ерекше мереке. Осы айтулы күнге орай аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов пен аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев аудандық перзентханаға арнайы барып, аналарды мерекемен құттықтады.Дүние есігін ашқан әр сәби – бір әлем. Еліміздің демографиясының артуына үлес қосқан әрбір отбасының орны бөлек. Іс-шара барысында аналардың хал-жағдайын сұрап, сәбилердің аман-есен өсіп, елдің абыройлы азаматтары болып қалыптасуына тілектестік танытты.
Аудан әкімінің орынбасары Болатбек Абдулхайысұлы өз сөзінде отбасының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
– Отбасы – адам тәрбиесінің алтын бесігі. Ұлттың болашағы да берекелі отбасынан басталады. Бүгінгі дүниеге келген әрбір сәби – еліміздің ертеңі. Сондықтан аналарға құрмет көрсету – баршамыздың парызымыз, – деді ол.
Ал аудандық Қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаев жас аналарға мықты денсаулық, отбасыларына амандық пен береке тіледі. Сонымен қатар отбасы құндылықтарын сақтау мен нығайту қоғамның басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді.
Кездесу барысында аналар мерекелік сый-сияпаттарға ие болып, көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдірді. Перзентханадағы бұл тағылымды шара аналарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің мәнін айшықтай түсті.
Қазақ халқы ежелден ананы тіршіліктің тірегі, шаңырақтың шырағы деп қадірлеген. Сондықтан Отбасы күні аясында ұйымдастырылған мұндай игі бастамалар қоғамдағы отбасы институтының маңызын арттырып, аналарға деген құрметті нығайта түседі.
«Өскен өңір» ақпарат







