ЕЛГЕ ЕНГЕН ИГІЛІК ЕЛМЕН БІРГЕ ӨСЕДІ
Шиелі соңғы жылдары сыртқы ажарымен қатар әлеуметтік-экономикалық әлеуеті де артып, жаңарған келбетке бет бұрып келеді. Кент көшелеріне көз салсаңыз, мұны аңғару оңай. Жаңарған нысандар, ретке келтірілген аулалар, абаттандырылып жатқан көшелер – елді мекеннің еңсесін тіктеп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың көрінісі.Өткен апта соңында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге кентте жүргізіліп жатқан көркейту және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Әкім назар аударған негізгі бағыт – сыртқы келбеті жаңартылып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер болды.
Көпшілікке белгілі, өткен жылы Көкшоқы мен кент орталығындағы бірнеше көппәтерлі үйдің шатыры түгелдей жаңартылып, қасбеті абаттанған. Биыл тағы да ұзақ жылдан бері өңі кетіп, ажары ашылмаған 17 үй кезең-кезеңімен жаңғыртылып, заманау келбетке ие болмақ.
Қабырғалары сырланып, әрленіп, айналасы ретке келтіріліп жатқан көпқабатты үйлердің тұрғындарымен жүздескен аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзіміне мән берді. Көпқабатты үйлердің жаңаруы тұрғындар тарапынан да оң бағасын алып жатыр. Жылдар бойы сырты солғын тартып тұрған үйлердің қайта ажарланып, аулалардың ретке келтірілуі тұрғындардың көңіл-күйіне әсер ететіні анық. Бұл жұмыстар бюджеттен тыс көздерден, яғни өңірдегі кәсіпорындар мен кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен іске асып жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, Абылай хан көшесі бойында орналасқан көпқабатты үйлердің сыртын заманауи келбетке айналдыруға «Нұрбер» құрылыс дүкенінің иесі демеушілік жасаған. Сол секілді Ясауи көшесі бойындағы бірнеше көпқабатты үй жомарт азаматтардың арқасында әрленіп жатыр.
Туған жерді түлету азаматтың міндеті
Қазіргідей инфляция дендеп, қымбатшылықтың қос бүйірден қысқан шағында қалтадан қомақты қаржы шығарып, елді мекеннің көркіне үлес қосу кез келген кәсіпкердің қолынан келе бермейді. Әсіресе, жеке басының емес, көптің игілігіне жұмсалған қаржының жөні бөлек.
Қазіргідей инфляция дендеп, қымбатшылықтың қос бүйірден қысқан шағында қалтадан қомақты қаржы шығарып, елді мекеннің көркіне үлес қосу кез келген кәсіпкердің қолынан келе бермейді. Әсіресе, жеке басының емес, көптің игілігіне жұмсалған қаржының жөні бөлек.
Шағын ғана жеке үйдің сыртын қаптап, әрлеп, заманауи қалыпқа келтірудің өзіне миллиондаған қаражат жұмсап жатамыз. Ал тұтас бір көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы келбетін жаңарту – бұдан әлдеқайда ауқымды жұмыс. Осы ретте туған жерінің ажарына бейжай қарамай, демеушілік танытып жүрген жергілікті кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің еңбегін атап өткен орынды.
Кәсіпкер қаржы жұмсап, құрылысшылар маңдай терін төгіп, үйдің сыртын жаңартып бергеннен кейін, оны күтіп ұстау – сол үйде тұратын тұрғындардың жауапкершілігі. Қабырғаны шимайламау, ауланы таза ұстау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау – үлкен мәдениеттің қарапайым көрінісі. Өйткені көркейту жұмысының ғұмыры оны пайдаланатын адамның ұқыптылығына да байланысты.
Күннен қуат алады
Дәл сол күні ауданға облыс әкімінің орынбасары Нұриддин Аманқұлұлы арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларға да назар аударылды. Соның бірі – жаңадан салынып жатқан күн электр стансасы.
Дәл сол күні ауданға облыс әкімінің орынбасары Нұриддин Аманқұлұлы арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларға да назар аударылды. Соның бірі – жаңадан салынып жатқан күн электр стансасы.
Біздің өңір – күн сәулесі мол түсетін аймақтардың бірі. Осы табиғи мүмкіндікті тиімді пайдалану мақсатында облыста жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған бірқатар инвестициялық жоба қолға алынған. Солардың бірі – Шиелі ауданында «VIGOR Holding» ЖШС жүзеге асырып жатқан қуаттылығы 20 МВт күн электр станциясы.
Жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын жоба ауданның энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және заманауи технологияларды өндіріске енгізуге мүмкіндік береді.
«VIGOR Holding» ЖШС-ның жобасы жаңа өндірістік нысан ретінде, яғни Greenfield қағидаты бойынша жүзеге асырылуда. Негізгі бағыты – күн энергиясын пайдалана отырып, электр энергиясын өндіру. Жобаның қуаты – 20 МВт.
Күн электр станциясын орналастыру үшін мемлекеттік қолдау шараларының бірі ретінде аудан аумағынан 30 гектар жер учаскесі бөлінді. Жобаның бастапқы қаржыландыру құрылымы 30 пайыз меншікті және 70 пайыз тартылған қаражат есебінен жоспарланған.
Меншікті қаражат көлемі 1,5 млрд теңгеге дейін, ал қарыз қаражаты 3,5 млрд теңгеге дейін қарастырылған.
Күн электр станциясын салу жобасы бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен жоба аумағында инженерлік іздестіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті шарт жасалды. Жобаның жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мердігер ретінде «Строй Ресурс М» ЖШС анықталды. Қазіргі уақытта негізгі құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Енді нысанды іске қосуға қажетті дайындық шаралары жүргізілуде.
Жоба құрылыс кезеңінде 30-ға дейін адамды жұмыспен қамтыса, станция толық іске қосылғаннан кейін мұнда 5 адам тұрақты жұмысқа орналасады.
Жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі – өндірілетін электр энергиясын өткізу нарығының алдын ала анықталғаны. Компания «Есептік-қаржылық орталық» ЖШС-мен 20 жыл мерзімге off-take келісімшартын жасасқан. Келісімшарт бойынша электр энергиясының тарифі 14,22 теңге/кВт·сағ мөлшерінде белгіленген. Өндірілген электр энергиясы ішкі нарыққа бағытталады.
Ел қажетіне жараған демеушілік
Облыс әкімінің орынбасары Нұриддин Аманқұлұлының ауданға жұмыс сапары барысында табан тіреген келесі нысан – Бидайкөл ауылында бой көтеретін спорт кешені болды.
Ауыл баласының бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен еркін айналысуына мүмкіндік беретін ғимараттың құрылысы «ҚазАтомПром» АҚ-ның демеушілігімен жүзеге асырылмақ. Осы мақсатта құны 622 млн теңге болатын спорт кешенін салу жөнінде меморандумға қол қойылған.
Ауыл үшін мұндай нысанның орны бөлек. Өйткені спорт алаңы мен жаттығу залында бала шынығады, жарысады, жеңіске ұмтылады. Бірі футболға, бірі күреске, енді бірі басқа спорт түріне қызығушылық танытып, өзіне ұнайтын бағытты табады. Ең бастысы – ауыл баласының спортпен айналысуы үшін аудан орталығына сабылмай, өз елді мекенінде жағдай жасалады.
Бидайкөлдегі бұл бастамаға жергілікті жердің әлеуметтік мәселелеріне атсалысып жүрген ірі кәсіпорынның қолдауының бір көрінісі деуге болады. Өндіріс ошағы мен ауыл арасындағы осындай байланыс нақты іспен көрінгенде ғана оның мәні арта түседі.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары «Самара–Шымкент–Еңбекші» автомобиль жолының жөндеу жұмыстарын да көрді.
Бұл жолды күн сайын пайдаланатын тұрғындар үшін оның сапасының маңызы айтпаса да түсінікті. Қазіргі таңда жолдың 4,3 шақырым бөлігіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Көлік жүретін жолдың ой-шұқыры тегістеліп, жол төсемі толық жаңартылып, асфальт жабындысы төселеді. Жол жиегі де ретке келтіріліп, қажетті белгілер қойылады.
Жөндеу жұмыстарының тағы бір ерекшелігі – жоба бюджет қаражатына емес, «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы» ЖШС-ның демеушілігімен атқарылып жатыр.
Жолдың жайын оның бойымен күн сайын жүретін адам жақсы біледі. Қай тұсы ойдым-ойдым, қай жері көлікке салмақ түсіреді – бәрі көзге таныс. Сондықтан бірнеше шақырым ғана болып көрінгенімен, жолдың жаңаруы оны пайдаланатын тұрғындар үшін елеулі өзгеріс болмақ.
Бұған дейін де аудан аумағында автомобиль жолдарын жөндеу, көлік қатынасын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Бұл істің алдағы уақытта да жалғаса беруі маңызды. Себебі ауданның дамуын тек жаңа ғимараттар мен өндіріс орындарының санымен өлшеу жеткіліксіз. Сол нысандарға апаратын жолдың жағдайы да елдің тұрмысымен тікелей байланысты.
Ауданда кейінгі уақытта мемлекеттік қолдаумен қатар, кәсіпкерлер мен өндіріс орындарының демеушілігіне сүйенген бірқатар жұмыстың қолға алынуы – осыны аңғартады. Кәсіпкердің елге жасаған көмегі көзге көрінетін нәтижеге айналғанда, оның қадірі де бөлек.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ








