Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Келбетке көрік, тұрғынға жайлылық

Келбетке көрік, тұрғынға жайлылық

Көшесі көрікті, ауласы абаттанған, жолы жөнделген, жарығы жанған ­мекен – халықтың жайлы өмір сүруінің басты көрсеткіштерінің бірі. Осы бағытта Шиелі кентінде тұрғын үй қорын жаңарту, аулаларды абаттандыру және инфрақұрылымды жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып келеді.
Бүгінде кенттің әр бөлігінде көзге көрінерлік өзгерістер орын алуда. Аталған жұмыстар бір күндік науқан емес, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың нәтижесі.
Өткен жылдары бастау алған көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары биыл да жалғасын табуда. Бұған дейін тұрғын үйлердің сыртқы қабырғаларын қаптау, шатырларын жөндеу, ескі нысандарды ретке келтіру бағытында ауқымды жобалар іске асырылған болатын.
Атап айтқанда, Дәулеткерей көшесіндегі №8, №10, №12, Яссауи көшесіндегі №67, Шәкәрім көшесіндегі №54 және Дәулеткерей мен Есабыз көшелерінің қиылысындағы №45 тұрғын үйлердің шатырларына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, оған 98,7 млн теңге қаржы қарастырылды. Нәтижесінде тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы артты.
Сонымен қатар кент келбетіне кері әсер етіп тұрған Т.Рысқұлов көшесі №19 мекенжайындағы ескі ғимарат сүріліп, оның орнына автотұрақ салынды. Жобаға 67,8 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда жаңа нысан тұрғындар игілігіне қызмет көрсетуде.
Биыл да кентте абаттандыру бағытындағы жұмыстар қарқын алып отыр. Қазіргі таңда бірқатар көшелерде, соның ішінде көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен оларға кіреберіс жолдарда асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Автокөлік жолдарын күтіп ұстау жұмыстары аясында 2026-2028 жылдарға арналған кезеңдік жоспар бойынша «Көкшоқы» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары, сондай-ақ Дәулеткерей, Жүргенов, Жахаев және ГРЭ-2 көшелері асфальтталуда.
Жол жөндеу жұмыстарының маңызы зор. Сапалы жол – тек көлік қозғалысының қолайлылығы емес, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды фактор. Бұрын көлік қатынасына қиындық тудырған, жауын-шашын кезінде қолайсыздықтар орын алған аумақтар бүгінде жаңа кейіпке еніп келеді.
Абаттандыру жұмыстары жол жөндеумен ғана шектелмейді. Кент бойынша барлық аулалар көше жарығымен қамтамасыз етілген. Көше жарығын жаңарту тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, кешкі уақытта аулалардың жайлы әрі жарық болуына мүмкіндік беруде. Сонымен бірге балалар ойын алаңдары кезең-кезеңімен ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жаңартылуда.
Балалар ойнайтын алаң, үлкендер тынығатын таза аула, жарықтандырылған көше – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырудың маңызды бөлшектері. Себебі елді мекеннің дамуы тек жаңа нысандар салумен емес, күнделікті өмірге қажетті жағдай жасаумен де бағаланады.
Жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың барлығы бір мақсатқа бағытталған – тұрғындардың өмір сапасын арттыру, кенттің көркін жақсарту және заманауи талаптарға сай қолайлы орта қалыптастыру. Кейде үлкен өзгеріс көзге бірден түсе бермейді. Алайда жөнделген жол, жаңарған аула, жарықтанған көше – халықтың күнделікті тіршілігін жеңілдететін нақты игілік. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Шиелі кенті біртіндеп жаңарып, тұрғындары үшін жайлы мекенге айналып келеді. Келбетке көрік берген әрбір іс – тұрғынға жасалған қамқорлықтың көрінісі. Ал халыққа қолайлы орта қалыптастыру – елді мекен дамуының басты өлшемдерінің бірі.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
28 шілде 2026 ж. 21 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№56 (9423)

28 шілде 2026 ж.

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

№54 (9421)

21 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031