Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «АЛТЫН ОРАҚ – 2026» : ДАЛАНЫ ДҮБІРЛЕТКЕН ДУМАН

«АЛТЫН ОРАҚ – 2026» : ДАЛАНЫ ДҮБІРЛЕТКЕН ДУМАН

Шиелі ауданында Сырдың басты дақылы – күрішке орақ түсті. Бұл – ерте көктемнен бас­тап ала таңнан күн батқанша тынымсыз әрі адал еңбектің, татқан бейнет пен төккен тердің нәтижесі. Биыл «Алтын орақ – 2026» мерекелік іс-шарасы қасиетті Бала би баба ауылында «Балаби-2004» өндірістік кооперативінің егіс алқабында өтті.
Биыл даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Ыбырай Жақаевтың туғанына 135 жыл толып отыр. Ақ күріштің бітік шығуын да осы қасиетті мекеннің рухани мәнімен, «Дала академигі» атанған диқан бабамыздың ұлағатымен сабақтастырылып отыр.
Жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, халық қалаулылары, аудан ардагерлері, шаруа қожалықтарының басшылары, ауданның зиялы қауымы мен БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен оларға биыл алтын ораққа қатысатын техникалар көрмесі, сонан соң бақша дақылдары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін егуде қажетті тыңайтқыштар таныстырылды.

ЕҢБЕККЕ ЛАЙЫҚ ҚҰРМЕТ
Мерекелік шарада аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы жиналған жұртшылықты егін ору науқанының басталуымен құттықтап, Жер-Ананың берекесін арттырып, маңдай терін аямай еңбек еткен шаруалардың тынымсыз еңбегіне жоғары баға берді.
– Бүгін жыл сайынғы қалыптасқан дәстүріміз ­бойынша егінге алғашқы орақ түсіріп, «Балаби – 2004» шаруа қожалығының егістік даласында бас қосып, егінші қауымның адал еңбегіне тағы да шынайы ризашылығымызды білдіруге жиналып отырмыз. Күннің аптап ыстығы мен қара суығында, ала жаздай алқап басында жүріп, егінге көздің қарашығындай қараған еңбектеріңіз ақталып, ел ырысына айналсын. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың берекесі артып, қамбамыз астыққа толы болмақ.
«Егінші – мәрт, жер – жомарт» дейді бабаларымыз. Сол секілді, мәрт егіншілерге жомарт жер мол өнім сыйлайды деген үмітіміз бар. Шиелі ауданы барлық кезде осындай ынтымақ пен бірліктің арқасында үлкен жетістіктерге жететініне мен сенімдімін. Қамбамыз дәнге толып, халқымыздың ризық, несібесі молая берсін!, – деді аудан басшысы.
Бұл сөздер ауыл еңбеккерлерінің жүрегіне жігер беріп қана қоймай, олардың еңбегінің мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін айқындай түсті. Сонан соң аудан әкімі ерте көктем шыға сала маңдайын күн, самайын жел, табанын құм сүйген, иығынан кетпенін тастамайтын диқандар егіннің қамы, елдің наны үшін бел жазбай еңбек еткен қызметкерлер мен сала ардагерлерін марапаттады.
Әрі қарай «Алтын орақ – 2026» шарасының салтанатты лентасын қиюмен жалғасты. Оқшы атадай киелі мекеннің қасиеті, Бала бидей ел ағасының өнегесі, даңғайыр диқанның маңдай тері мен елдің ақ тілегі бір арнада тоғыссын деген тілекпен аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, Шиелі ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлы, Шиелі ауданының құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қаблеш Сейітбекұлы жайқалып тұрған егіннің лентасын қиып, ақсақалдар дәстүрге сай батасын берді.

ЕГІН КӨЛЕМІ – ЕЛ ЫРЫСЫ
Биыл аудан көлемінде 1500 шаруа қожалығы жұмыс істесе, оның 220-і егін шаруашылығымен айналысады. Жалпы аудан көлемінде 32 мың 499 гектар жерге түрлі дақыл егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 4 327 гектар, мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында 10 392 гектар жерге мал азықтық дақылдар егілді.
Сондай-ақ халықтың күнделікті тұрмысына қажетті өнімдер – картоп, көкөніс және бақша дақылдары – 5030 гектарға егіліп, аудан тұрғындарының сұранысын өтеуге бағытталды. Ал майлы дақылдар – 1 150 гектарға себілді. Ал Сыр өңірінің брендіне айналған күріштің көлемі – 11 600 гектар. Бұл көрсеткіш ауданның аграрлық әлеуетінің жоғары екендігін айқындайды. Сонымен бірге әртараптандыру жұмысына да баса мән беріліп, өткен жылмен салыстырғанда бірқатар дақылдардың көлемі артты. Анығында бидай 1962 гектарға, дән жүгеріні 2145 гектарға, сүрлемдік жүгері 69,4 гектарға, мал жемдік асқабақты 154 гектарға көбейді. Бұл бағыт – ауыл шаруашылығының болашағын қамтамасыз ететін стратегиялық шешім. Әртараптандыру арқылы шаруалар суға тәуелділікті азайтып, өнім түрлерін көбейту арқылы табыс көзін кеңейтеді.
Ал алғашқы алтын орақ түскен ­«Балаби-2004» өндірістік кооперативі биыл 210 гектар жерге күріш, мал азықтық ескі жоңышқа дақылын 90 гектар жерге орналастырған.

ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ДУМАН
Алғашқы орақтың түсуі – жай ғана егін жинау науқанының басталуы емес, ол – ауыл тіршілігінің айнасы, елдің бірлігі мен берекесін паш ететін мерейлі сәт. Бұл күні атыз басындағы маңдай тер мен еңбекке деген құрмет ұштасып, дала төсінде мерекелік рух орнады. Күздің қоңыр самалы егіннің сыңғырымен үндесіп, табиғат та бұл мерекеге өз үнін қосқандай әсер қалдырды.
Аудан диқандары мен тұрғындары үшін тап осы күн – маңдай тердің өтеуі, еңбектің мерейі. Салтанатты шараның соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары сахнаға шығып, әсем ән мен әсерлі күйден шашу шашып, жиналған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән мен жыр ауыл аспанын тербетіп, еңбек майданының қаһармандарына рухани қуат берді.
Бұл – тек егіншілердің мерекесі ғана емес, еңбек адамдарына деген шынайы құрметтің, ауыл өмірінің шаттыққа толы сәтінің айқын көрінісі. Егін орағы – елдің ырысы мен бірлігінің белгісі, халықтың болашағына деген сенімін нығайтатын ұлы дәстүр болып қала бермек.

Мейіржан ИБРАГИМОВ


08 қыркүйек 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (9434).

05 қыркүйек 2026 ж.

№66 (9433).

01 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930