ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫ: ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
Қоғамның тұрақты дамуы мен мемлекеттің орнықты болашағы ең алдымен халық пен билік арасындағы өзара сенімге байланысты. Азаматтардың талап-тілегін есту, олардың ұсыныстары мен мәселелерін мемлекеттік саясатта ескеру – кез келген қоғам үшін маңызды міндет. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда қалыптасқалы отырған Құрылтай институтының қоғамдық маңызы айрықша.Халқымыздың тарихи жадында Құрылтай ұғымы ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді ортаға салып, ортақ шешім іздейтін кеңес ретінде қалыптасқан. Еліміздің жаңа Парламенті – Құрылтай осы тарихи сабақтастықты заманауи мазмұнмен жалғастырып, қоғамдағы әртүрлі пікірлерді тоғыстыратын, азаматтардың үнін мемлекеттік деңгейге жеткізетін өкілді институт ретінде орнығуға бағыт алып отыр.
Бұл сайлау 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енгеннен кейін өткізілген алғашқы науқан болды. Жаңа конституциялық ережелерге сәйкес, бұрынғы қос палаталы Парламенттің өкілеттігі тоқтатылып, елдің заң шығарушы органы бір палаталы Құрылтай болды.Құрылтай құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді.
23 тамыз, жексенбі күні өткен Құрылтай депутаттарының сайлауында Шиелі ауданының тұрғындары белсенділік танытты. Ауданда 41 сайлау учаскесі науқанда белсенді жұмыс істеді. Жалпы Шиелі ауданы бойынша 49 541 сайлаушы болса, оның 44 546-сы Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады.
ТЫЛ АРДАГЕРІ ТАҢДАУ ЖАСАДЫ
Құрылтай сайлауында тыл ардагері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Киікбай Смайылұлы Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады. Ғибратты ғұмырын елдің дамуы мен туған жердің өркендеуіне арнаған ардагер сайлау учаскесіне келіп, азаматтық ұстанымын білдірді. Киікбай Смайылұлы ел өміріндегі маңызды науқанға қатысу – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі екенін атап өтті. Ақсақал кейінгі буынға ел бірлігін сақтап, қоғамдық өмірге белсенді араласудың маңыздылығын айтып, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тіледі.
АЛТЫН АЛҚА ИЕГЕРЛЕРІ ТАҢДАУ ЖАСАДЫ
Бәйгеқұм ауылдық округіндегі №274 сайлау учаскесінде «Алтын алқа» иегерлері Гүлназ Ақылбаева мен Алтынай Кенжебаева Құрылтай сайлауында өз таңдауларын жасады. Алтын құрсақты аналар ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдірді. Ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген ардақты аналардың сайлауға қатысуы – ел болашағына деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Көпбалалы аналар өз таңдауын жасап, елдің амандығы мен ұрпақтың жарқын болашағын тіледі.
ӨНЕР ЖҰЛДЫЗЫ ҚАТЫСТЫ
Шиелі кентіндегі №294 сайлау учаскесіне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, әнші, тележүргізуші Гүлнұр Оразымбетова келіп, Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады.
Өнер саласында өзіндік қолтаңбасы бар Гүлнұр Оразымбетова ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси науқанға қатысып, азаматтық ұстанымын білдірді. Сайлау учаскесіне келген өнер иесі өз таңдауын жасап, елдің болашағы мен қоғамның дамуына қатысты азаматтық жауапкершілігін танытты.
«KAP LOGISTICS» ҰЖЫМЫ САЙЛАУДА
Шиелі кентіндегі №288 сайлау учаскесіне «KAP Logistics» ЖШС ұжымы бір мезетте келіп, Құрылтай сайлауында өз таңдауларын жасады. Еңбек ұжымы ел өміріндегі маңызды саяси науқанға белсене қатысып, азаматтық белсенділіктерін танытты. Ұйымшылдық танытқан ұжым мүшелері өз дауыстарын беріп, ел болашағына қатысты маңызды таңдауға өз үлестерін қосты. Айта кетейік, биыл «KAP Logistics» ЖШС ұжымы кәсіпорынның 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы жылдар ішінде компания өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып, еңбек ұжымының тұрақты қызметімен ерекшеленіп келеді
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ТЕГІН
Қызылорда облысында Құрылтай сайлауына орай автобустар жолаушыларды тегін тасымалдап жатыр. Сонымен қатар тұрғындарға 67 инватакси ақысыз қызмет көрсетті. Әрбір сайлау учаскелерінің маңында киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленді. Өнерпаздар әннен шашу шашып, ұлттық қол-өнер бұйымдарының да көрмесі өтті.
Қазақ үшін Құрылтай – жай ғана атау емес. Осы сөздің астарында ғасырлар қойнауынан жеткен елдік сана, ұлы даладағы ұрпақ тағдырын таразылаған кеңес, жұрттың сөзін бір арнаға тоғыстырған қасиетті ұғым жатыр. Ертеде бабаларымыз ел басына күн туғанда атқа қонып, ақылдасу үшін алқалы жиынға жиналған. Хан мен қараның, би мен батырдың басын қосқан мұндай кеңестердің өзегінде бір ғана мұрат – елдің тұтастығы мен жердің амандығы тұрды.
Бүгін сол тарихи ұғым жаңа мазмұнмен қайта жаңғырып отыр. Құрылтай – өткеннің көшірмесі емес, тарихтан тамыр алып, замана талабына бейімделген жаңа қоғамдық-саяси институт. Оның ең басты мәні де осында. Ғасырлар бұрынғы елдік кеңестің рухы бүгінгі демократиялық таңдаумен сабақтасып, халықтың үнін мемлекеттік деңгейге жеткізудің жаңа мүмкіндігіне айналуда.
23 тамызда өткен сайлау да осы тарихи сабақтастықтың бір көрінісіндей болды. Дауыс беру учаскелеріне келген жұрт өз таңдауын жасап қана қоймай, елдің ертеңіне деген азаматтық ұстанымын танытты. Бәлкім, тарихтың ең үлкен сабағы да осы шығар. Заман өзгереді, қоғам жаңарады, саяси институттар түрленеді. Бірақ елдің еңсесін тіктейтін құндылықтар – бірлік, береке, ортақ мүдде және халықтың өз болашағына деген сенімі өзгермейді.
Қазақ даласында сан ғасыр бұрын «ел боламыз» деп бас қосқан бабалардың аманаты бүгін де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Құрылтайдың жаңа дәуірдегі міндеті – сол аманаттың жүгін арқалап, халықтың сөзін сөйлеп, елдің келешегіне қызмет ету. Өйткені тарихын ұлықтаған ел ғана болашағын баянды ете алады. Ал бүгінгі таңдау – ертеңгі тарихтың бір парағы.
Мейіржан ИБРАГИМОВ,
суреттер Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
суреттер Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ






