Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛҒАСЫ

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Кейде бір ғана ұшқын тұтас үйдің күлін көкке ұшыруы мүмкін. Кейде қас-қағым сәт адам тағдырын өзгертіп жібереді. Осындайда уақытпен жарысқан құтқарушының әрбір минуты алтынға айналады.
Сондықтан Еңбекші ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру пунктінің ашылуын жай ғана жаңа нысанның ел игілігіне берілуі деп қабылдау аздық етеді. Бұл – ауыл қауіпсіздігіне қойылған нақты қалқан, тұрғындардың алаңсыз тіршілігіне жасалған маңызды қадам. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында бой көтерген жаңа өрт сөндіру пункті Еңбекші, Жиделіарық және Қосүйеңкі ауылдарына қызмет көрсетеді. Яғни бірнеше елді мекен үшін төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсету мүмкіндігі бұрынғыдан да арта түспек.
Жаңа нысанның ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбаев сөз сөйлеп, құтқарушылар еңбегінің жауапкершілігіне ерекше тоқталды:
– Баршаңызды бүгінгі жаңа нысанның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құтқарушы – нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі» деп айрықша атап өткен болатын. Бұл – сіздердің жауапты әрі абыройлы еңбектеріңізге берілген жоғары баға.
Өткен жылы Шиелі кентіндегі №16 өрт сөндіру бекетіне күрделі жөндеу жүргізіліп, нысан заманауи талаптарға сай жаңартылды. Сонымен қатар, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Бәйгеқұм ауылында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды.
Төтенше жағдайлар бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгін ашылып отырған жаңа өрт сөндіру пункті – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы тағы бір маңызды қадам.
Қазақта «Өрт – тілсіз жау» деген сөз бар. Елдің амандығы мен халықтың тыныштығын күзетіп жүрген азаматтық қорғау қызметкерлеріне әрдайым алғысымыз шексіз. Жаңа нысанның іргесі берік болып, халық игілігіне ұзақ жылдар бойы сапалы қызмет етсін!
Ақиқатында, апат айтып келмейді. Алайда оған әркез тас-түйін отыру қажет. Мемлекет тарапынан соңғы жылдары өңірдегі төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Кенттегі №16 өрт сөндіру бекетінің күрделі жөндеуден өтіп, заманауи кейіпке енуі, Бәйгеқұмда жаңа бекеттің бой көтеруі – сөзіміздің айқын дәлелі. Еңбекшідегі жаңа нысан бұл жүйелі жұмыстың заңды жалғасы болды.
Шарада облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Жасұлан Түйменов те сөз сөйлеп, жаңа өрт сөндіру пунктінің ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегялық рөлін атап өтті. Ол өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, ел амандығын күзетіп жүрген құтқарушылардың жауапты да абыройлы қызметтеріне ақ жол мен сәттілік тіледі.
Еңбекшіде ашылған жаңа өрт сөндіру пункті – тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімін арттырып, ауылдық аймақтардағы қауіпсіздік мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін маңызды белес. Ғимараттың іргесі берік, құтқарушылардың сақадай сай дайындығы тұрғындардың тыныштығын қорғауға әрдайым дайын!

С.МАДИЯРОВА
15 тамыз 2026 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (9428).

15 тамыз 2026 ж.

№60 (9427)

11 тамыз 2026 ж.

№59 (9426).

08 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31