Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әбжіл әрекетке жол ашық

Әбжіл әрекетке жол ашық

Мемлекет елдің, жалпы халықтың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, тиімді жұмыс жасап, ел мүддесінің қорғалуына барлық жағдайды қарастырып отыр. Әсіресе, халық арасында тілсіз жауға теңелген өрт, су секілді тажалдардың алдын алып, оқыс оқиғаларды болдырмау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Аталған апатқа қарсы өңірімізде сонау 1957 жылы құрылған Шиелі аудандық №9 өрт сөндіру бөлімі үздіксіз қызмет етіп, өрт сөндіру ісінде мейлінше әбжілдік танытып келеді.
Адам өмірі мен құнды мүліктерін қас-қағым сәтте тілсіз жаудан арашалай білетін бөлімнің еңбектерін ескеріп, жергілікті басшылық та бұл ұжымға үнемі қолдау білдіріп отыр. Соның бір парасы ретінде өрт сөндірушілердің мекемесіне былтырғы жылы жасалған күрделі жөндеу жұмысын айтсақ болады. Енді міне, сондай игілікті іс жалғасын тауып, жаңарған нысанның іші су жаңа өрт сөндіруге арналған автокөлікпен толды. Қарт бөлімнің бүгінгідей қуанышымен бөлісуге арнайы келген аудан әкімі Ә.Оразбекұлы мен Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаметінің бастығы, азаматтық қорғау полковникі О.Бержанов құттықтау сөз сөйледі.
– Біз бүгін кереметтей қуанышты сәттің алдында тұрмыз. Өйткені, Шиелі аудандық өрт сөндіру бөлімі тағы бір жаңа өрт сөндіруге арналған автокөлікпен толығып отыр. Одан бөлек, мына күрделі жөндеуден өткен мекеменің ішіндегі өрт сөндіруге қажетті барлық құрал-жабдықтары заманауи үлгіде. Орын алған тілсіз жауға тез әрі жеңіл жетуді қамтамасыз ету үшін цифрландыру жүйесі енгізілген. Жалпы, Шиелі аудандық өрт сөндіру бөлімі алпыс жылдан астам уақыт жұмыс жасап келе жатқан үлкен бөлім. Бұл жерде өз жанынан арын жоғары тұтып, жанкештілікпен қызмет еткен ағаларымыз көп болған. Солардың ізбасарлары ретінде сіздер де тұрғындарды тілсіз жаудан қорғауда адал болуларыңыз керек –  деді, аудан басшысы.
Осыдан кейін, аудан әкімі Ә.Оразбекұлы мен Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы О.Құмарұлы «Камаз» маркалы өрт сөндіруге арналған автокөліктің кілтін аудандық №9 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Самат Шәймерденовке табыс етті.

Е.Датқа.
02 маусым 2018 ж. 1 467 0