Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шаралар өтті

Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шаралар өтті

Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыруға бағытталған жоба шеңберінде «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қоры бірқатар әлеуметтік маңызы бар іс-шараларды ұйымдастырды.

Жобаның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін күшейту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған құқықтық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.

Осы мақсатта 2026 жылғы 23–24 маусым күндері Қызылорда қаласының тұрғындары үшін тегін құқықтық қабылдаулар мен кеңес беру шаралары өткізілді. Іс-шара барысында азаматтарға кәсіби заңгерлер тарапынан құқықтық кеңестер беріліп, өзекті мәселелер бойынша нақты түсіндірмелер жасалды.

Кездесулерге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Құқықтану» кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты, тәжірибелі заңгер Қаржаубаева Ләззат Майлыбайқызы, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің өкілдері қатысты.

Мамандар тұрғындардың құқықтық сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, заңнамалық өзгерістер мен азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Іс-шаралар «Заң және әділет: сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ашық құқықтық кеңес» тақырыбында ұйымдастырылып, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және заң үстемдігін нығайтуға бағытталды.

Қоғамдық қабылдаулар халық көп шоғырланатын орындарда – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ғимараттарында өтті. Бұл формат азаматтарға қолайлы жағдай жасап, құқықтық көмекке жедел қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Жоба аясындағы бұл бастамалар қоғамда заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге елеулі үлес қосты.
24 маусым 2026 ж. 40 0