Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу, мемлекеттік қызметте реттік пен тәртіпті күшейтуге бағытталған шараларды қарастыру барлық мемлекеттік органдар жұмысының негізгі басыңқы бағыттарының бірі болып табылады.
Қызылорда облысының Әділет департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша іс-шаралар жоспарлы түрде атқарылып келеді.
Іс-шараларды өткізудегі басты мақсат – мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбестік қарым-қатынасты қалыптастыру және тұрмыстық деңгейдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдылықтарды сақтау және тәртіпті нығайту мақсатында тұрақты негізде «АMANAT» партиясының филиалы, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыс бойынша филиалының, прокуратура органдарының өкілдерінің қатысуымен семинарлар, кездесулер, дәріс нысандарында шаралар және дөңгелек үстелдер өткізіліп келеді.
Сондай-ақ, департамент қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілігін арттыру мақсатында қылмыстық-атқару жүйесіне қатысты тергеу изоляторларына апару іс-шаралары да өткізілді.
Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында ашылған «ADALDYQ ALANY» жобалық кеңсесі департамент ғимаратының бірінші қабатында, сондай-ақ азаматтармен жұмыс жасауға ыңғайлы болу үшін департамент басшысының орынбасарларының қызметтік бөлмелері де бірінші қабатта орналасқан. Сондай-ақ, ғимараттың бірінші қабатында азаматтарды жеке қабылдау орындары жасақталған. Онда азаматтарды қабылдау барысын жүргізетін бейнебақылау орнатылған.
Әділет департаментімен облыс бойынша нотариустар, адвокаттардың, жеке және мемлекеттік сот орындаушылар, департаменттің бөлім қызметкерлері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері мен заң кеңесшілерінің қатысуымен «Ашық есік күні» өткізіліп тұрады.
Әлеуметтік желілер арқылы сот актілерін орындау, тіркеу, әділет департаментінің негізгі бағыттары бойынша құқықтық онлайн түсіндірмелер жүргізу бойынша тікелей эфирлер өткізілуде.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптарда мемлекеттік қызметшілер оқытылып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде өткен кеңесте халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуге шақырған болатын. «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» қағидатын баршаның санасына сіңіру бүкіл мемлекеттік органның ортақ жұмысы болуға тиіс екендігін атап өтті.
Осы бағытта департаментпен құқықтық насихаттау мақсатында студенттермен кездесулер,семинарлар, «Ашық есік күні» акциялары өткізіліп тұрады.
Мәселен, «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» қағидаты бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжі, Қызылорда жоғары медициналық колледжі, сондай-ақ И.Әбдікәрімов атындағы жоғары аграрлы-техникалық колледжі студенттері арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Осы бағытта әрі қарай заңнамамен және стратегиялық құжаттармен көзделген шараларды пәрменді жүзеге асыруды талап етеді.
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарында 6 міндет қаралған. Әр адам сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік таныта білсе, осы қойылған алты міндеттің орындалуы іске асады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттырудың негізі құқықтық сауаттылық негіздерін қалыптастыру болып табылатындықтан, әділет департаменті осы бағытта өз жұмысын жалғастыра береді.
Э.ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қызылорда облысының әділет департаментінің бөлім басшысы