Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңір экологиясы: өзекті мәселелер көтеріліп, нақты тапсырмалар берілді

Өңір экологиясы: өзекті мәселелер көтеріліп, нақты тапсырмалар берілді

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында табиғатты қорғау, су ресурстарын ұтымды пайдалану және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған «Көшпелі алқа» отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбаев пен Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Еркебай төрағалық етті.
Күн тәртібінде өңір үшін өзекті бірқатар мәселе қаралды. Атап айтқанда, су шаруашылығы нысандарының қазіргі жай-күйі мен оларды тиімді пайдалану жолдары талқыланды. Бұл бағытта облыстық басқарманың су ресурстары бөлімінің басшысы Жүсіпбек Әжібеков баяндама жасап, су нысандарын күтіп-ұстау деңгейін арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, су тапшылығы жағдайында әрбір тамшыны үнемдеу – уақыт талабы.
Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалмады. Сала мамандары тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу үлесін арттыру және экологиялық талаптарды сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.
Отырыс қорытындысында аудан аумағындағы су шаруашылығы нысандарын тиімді пайдалану және инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, бетондауға ұсынылған «Р-13», «Р-23» каналдары бойынша әзірленген жоба-сметалық құжаттарды сараптамадан өткізіп, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалына ұсыну жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Сонымен қатар экономикалық тұрғыдан тиімді иесіз каналдарды коммуналдық меншікке алу, тиісті құқықтық тіркеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ балық шаруашылығын дамытуға қолайлы иесіз көлдерді облыстық маңызы бар су айдындарының тізіміне енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеттелді.
Су нысандарын сақтау және оларды қорғау бағытында да бірқатар нақты шара белгіленді. Атап айтқанда, каналдар бойында рұқсатсыз бөгеттер тұрғызуға жол бермеу, аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу тапсырылды. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Су және Жер кодекстеріне сәйкес су қорғау аймақтары мен белдеулерінде белгіленген талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету, су объектілерін бірыңғай мемлекеттік кадастрға енгізу жұмыстары тұрақты бақылауға алынатын болды.
Жиында дала және орман өрттерінің алдын алу мәселелері де басты назарда болды. Бір апта мерзім ішінде шаруашылық басшыларына өрт қауіпсіздігі талаптары жөнінде қатаң ескерту жасау, халық пен жер пайдаланушылар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына егістік алқаптарды өртеу кезінде төтенше жағдайлар органдарын алдын ала хабардар ету, бақылаусыз от жағуға жол бермеу, кезекшілік ұйымдастыру шараларын күшейту міндеттелді.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тұрақты түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, құрғақ өсімдіктерді өртеу фактілерін анықтау бойынша рейдтер ұйымдастыру, құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту мәселесін жеке бақылауға алу қажеттігі атап өтілді. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойында өрттің таралуына жол бермеу үшін минералдандырылған жолақтар жүргізу, жол жиегін қоқыстан және қураған шөптерден тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылатын болады
Көгалдандыру және жасыл желектерді сақтау бағытында да нақты міндеттер жүктелді. Елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын дендрологиялық жоспарға сәйкес жүргізу, жасыл желектерді күтіп-баптау және олардың сақталуын тұрақты бақылауға алу, сондай-ақ ағаштарды түгендеу жұмыстары жүргізілетін болды. Заңсыз ағаш кесудің алдын алу мақсатында мобильді топтардың рейдтік шараларын күшейту, құқық бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
Бұдан бөлек, жер учаскелерін басқа санатқа ауыстыру кезінде табиғи өсімдіктерге келтірілген залалды өтеу, орман және дала өрттері бойынша қылмыстық істердің сапалы тергелуін қамтамасыз ету, құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда жедел процессуалдық шешімдер қабылдау қажеттігі атап өтілді.
Жиында тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Тұрғындармен, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандармен қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша келісім-шарттар жасасу, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары орналасқан аумақтарды толық қоршау жұмыстарын жүргізу міндеті қойылды.
Осындай кешенді шаралар өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, табиғи байлықтарды келешек ұрпаққа сақтап жеткізуге негіз болмақ.

Г.Дүйсебай
13 сәуір 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (9393)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930