Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ: ҮНЕМ МЕН ӨНІМ ҮНДЕСКЕН ЖҮЙЕ

ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ: ҮНЕМ МЕН ӨНІМ ҮНДЕСКЕН ЖҮЙЕ

Ауыл шаруашылығы саласын дамытып, дақылдардың өнімділігін арттыруда тамшылатып суарудың тиімді тұсы көп. Кейінгі жылдары Сыр өңіріндегі диқандарды дарияның деңгейі алаңдатқаны жасырын емес. Түрлі себеппен жоғарыдан келетін су мөлшері азайып, жердің тұздануы күшейіп, суару жүйелерінің тиімісіздігі күрделі мәселеге айналды. Бұл егін шаруашылығымен айналысатын диқандардың жоспарланған көлемде егін егуіне айтарлықтай кедергісін келтірді. Дегенмен, жауапты мамандар нақты шараларды іске асыру үшін тиісті жұмыстар атқаруда. Аяқсуды тиімді пайдалану бағытындағы қанатқақты жобалардың бірі – тамшылатып суары құралдарын өндіретін зауыттың іске қосылуы.

Су ресурстарын тиімді пайдалану аграрлық саланың қарыштауына бастайтын негізгі жолдың бірі. Қазақстан аумағының 29%-ы далалық, 44%-ы шөлді аймақ болғандықтан, осы шөлді аумақты шаруаға қолайландыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Егістік алқаптарынан мол өнім алу үшін, сәйкесінше баптау жұмыстары да үздіксіз жүріп отыруы тиіс және ол шаруаға да, мемлекетке де қолайлы болу керек. Қазақстанда бұрыннан егістік алқаптары дәстүрлі түрде арық-тоғандар арқылы ағыстық тәсілмен суарылады. Ал Батыс Еуропалық елдердің өнімді суаруға енгізген жаңа тәсілдері бар. Соның бірі – осы тамшылатып суару әдісі.
Алдымен егінді тамшылатып суару әдісінің тиімді тұстарына тоқталып өтейікші. Тамшылатып суару – өсімдіктің тікелей тамырлық зонасына құбырлар, түтіктер, эмиттер көмегімен суды баяу тамшылату арқылы суаруға мүмкіндік беретін тәсіл. Сонымен қатар оны тыңайтқыштарды үнемдейтін ерекше суару түрі деп те атайды. Тамшылатып суару әдісі бүгінде Батыс Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Ақылды технологияларды агросалаға енгізгелі бұл тәсіл шет елдерде арнайы құрылғылардың көмегімен жұмыс жасауда. Алайда, бұл жаңа технологиялар тамшылатып суару әдісінің жақын аралықта пайда болғанын білдірмейді. Оның тарихы б.з.б. І ғасырдан бастау алады. Бұл кезеңде тамшылы суарудың қарапайым түрі қолданылған. Сол заманның ғұламалары өз еңбектерінде егістікті суару үшін жерге сумен толтырылған қыш құмаралардың көмілгендігін жазған. Яғни, жерді ылғалдандыру үшін егіншілер осындай әдіс қолданылған. Тарихи деректер бойынша, заманауи тамшылатып суару 1860 жылы Германиядан бастау алған. Тамшылатып суарудың негізгі артықшылықтары: алқапты тегістеуді қажет етпейді, топырақ эрозиясы азаяды, арамшөптер жиі шықпайды, басқа суару түрлеріне қарағанда, еңбек құнын аз қажет етеді, тыңайтқыштар мен құнарлы заттардың жоғалуын азайтады, ал ең негізгісі суды едәуір үнемдейді.
Тамшылатып суару әдісі – ең алдымен судың ысырабын азайтудың, екіншіден өнім көлемін арттырудың бірден-бір жолы. Егінмен айналысатын кәсіп иелері осы тәсілдің пайдасын жақсы түсінеді.
Десек те, бұл технологияға қажетті техникалар мен құралдардың көбі шет мемлекеттерден келетіндіктен барлығының сатып алуға бірдей шамасы жетпейді. Алғашында көп шығын жұмсалады.
Осы ретте, сыр диқандары үшін ақжолтай жаңалық болғалы тұр. Себебі Қызылорда қаласында Түркиядан келген инвестордың демеушілігімен «Ardent Plastik» жаңбырлату жүйелері, тамшылатып суару құбырлары мен әртүрлі пластикалық құбырлар сияқты өнімдерді шығаратын зауыт іске қосылмақ.
Кеше Шиелі ауданына арнайы іс-сапармен келген «Ardent Plastik» зауытының менеджері Айдос Балтабекұлы ауданның бірқатар диқанымен кездесіп, компания жұмыс барысын, сондай-ақ егінде суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін құрылғылармен таныстырды. Оның айтуынша бүгінде зауыттың 80 пайыздан аса жұмысы аяқталған. Жуық арады іске қосылады.
– «Ardent Plastik» Түрік компаниясының 30 жылдан аса тәжірибесі бар. Осы жылдар аралығында 20 елде өзінің фиалдарын ашып, халық сұранысына сәйкес жоғары деңгейде қызмет көрсетіп келеді. Қазақстанда алғаш рет Қызылорда қаласында ашылып отыр. Сондай-ақ зауыттың алғашқы таныстырылымын Шиелі ауданының диқандарына өткізіп отырмыз. Алдағы уақытта Сыр диқандарының сұранысы бойынша құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіп, өзге қалаларға да тасылмайдайтын боламыз, – дейді зауыт менеджері Айдос Балтабекұлы.
Енді тамшылатып суару әдісін қолданып егін егемін деуші диқандар болса, алыстан арбаламай-ақ қаламыздан керекті құрал жабдықтарды ала алады. Тек егіндік жерінің кадастрлық құжатын апарсаңыз жеткілікті. Әрі қарай зауыттың арнайы қызметкерлері қандай құрал-жабдық, қанша көлемде қажет барлығын өлшеп, орналастырып береді. Сонымен қатар зауыт толық іске қосылғаннан кейін пластикалық заттарды қабылдайды, зауыт өнімдерін алған диқандар келесі жылы жарамсыз қалған пластикалық құралдарды зауытқа қайта сатып, жаңасын алу мүмкіндіктері қарастырылған.
Бүгінгі күннің талабына сәйкес, агросектор саласында еңбек өнiмдiлiгiн арттыру мiндетi қойылғаны белгілі. Қазақстан аумағының жартысынан көбі шөлді және шөлейтті аумақ екенін ескерсек біздің еліміз үшін тамшылап суарудың маңызы өте зор. Ал өз кезегінде аймағымыздан ашылғалы тұрған «Ardent Plastik» ­зауыты диқандарымыз үшін жақсы жаңалық боларына сенеміз.

М.Ибрагимов
31 наурыз 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

№21 (9388)

23 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031