Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңызды науқан алдындағы мазмұнды семинар

Маңызды науқан алдындағы мазмұнды семинар

Ел тағдыры таразыға түсетін сәтте әрбір шешімнің артында – заң, әрбір қадамның артында – жауапкершілік тұрады. Осы жауапкершілікті терең сезінетін аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары мүшелеріне арналған ауқымды семинар өңірлік оқу орталығының ұйымдастыруымен өтті. Оған 1 аудандық және 40 учаскелік референдум комиссиясынан 127 мүше қатысып, білімін жетілдірді. Сегіз сағаттық оқыту-семинары өткен сенбіде Ғ.Мұхамеджанов атындағы №270 мектепте өтті.
Семинардың мақсаты – комиссия мүшелерінің құзыреттілігін арттыру, республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізудегі құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерді жан-жақты пысықтау.
Іс-шараны модератор Жанат Құрманаева ашып, қатысушыларға сәтті жұмыс тіледі. Ал алғы сөз сөйлеген Болат Нұржігітұлы референдум өткізудегі заң талаптарын сақтау – әділдік пен ашықтықтың басты кепілі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әр комиссия мүшесі тек ұйымдастырушы ғана емес, сонымен бірге заңның орындалуын қамтамасыз ететін ­жауапты тұлға.
Семинар барысында «Республикалық референдум туралы» және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңдарының негізгі нормалары кеңінен талқыланды. Қатысушылар референдумды ұйымдастыру мен өткізудің қыр-сырына үңіліп, дауыс беру күні тәртібін, дауыс беру қорытындыларын анықтау рәсімдерін нақты мысалдар арқылы талдады. Интерактивті пікірталастар мен практикалық кейстер білімді тереңдетіп қана қоймай, нақты жағдайда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырды.
Ақпараттық-үгіт жұмыстары, комиссия қызметін қамтамасыз ету, қоғамдық сауалнама жүргізудің тәртібі де назардан тыс қалмады. Байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарымен үйлесімді жұмыс жүргізу мәселелері талқыланып, ашықтық қағидаттарын сақтау жолдары сараланды. Іскерлік ойындар мен топтық жұмыстар қатысушылардың белсенділігін арттырып, тәжірибелік машықтарын шыңдай түсті.
Түс ауа құжаттамалық қамтамасыз ету мен есеп беру тәртібі, азаматтардың тізімдерімен жұмыс істеу, арыз-шағымдарды қарау мәселелері жан-жақты қарастырылды. ­Дауыс беру учаскелеріндегі түрлі жағдайларды модельдеу арқылы комиссия мүшелері шынайы ахуалға барынша жақын ортада өз іс-әрекеттерін пысықтады. Семинар соңында кері байланыс сауалнамасы алынып, қатысушыларға электронды сертификаттар табысталды.
Мұндай мазмұнды оқыту шаралары – кәсіби даярлықты арттырумен қатар, қоғам сенімін нығайтудың да маңызды тетігі. Себебі заң талаптарын жетік білетін, әр қадамын құқық аясында жүзеге асыратын комиссия – әділ әрі ашық референдумның берік кепілі.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
03 наурыз 2026 ж. 22 0

Қоғам

Көп қырлы қаламгер

03 наурыз 2026 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№17 (9384)

03 наурыз 2026 ж.

№16 (9383)

28 ақпан 2026 ж.

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031