Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САЙЛАУ – ХАЛЫҚ ҮНІНІҢ БИІК АЙНАСЫ

САЙЛАУ – ХАЛЫҚ ҮНІНІҢ БИІК АЙНАСЫ

Қоғам дамуының өзегі – халықтың таңдауы. Ал сол таңдаудың ең айқын көрінісі – сайлау. Осы маңызды құндылықты дәріптеу мақсатында 6 ақпан күні бүкіл әлемде аталып өтетін Дүниежүзілік сайлау күніне орай Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде «Сайлау – демократиялық қоғамның негізі» атты салтанатты шығармашылық кеш өтті.
Дүниежүзілік сайлау күні алғаш рет 2005 жылы Венгрияның Будапешт қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының конференциясында бекітілген. Бұл күн – демократиялық қоғам үшін сайлау институтының маңызын көрсетуге, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған халықаралық деңгейдегі бірегей күн. Сайлау – халық билігінің бастауы, әрбір адамның ел тағдырына қосқан нақты үлесі, қоғамдағы әділдік пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Қазақстан Республикасында сайлау Конституциямен бекітілген әр азаматтың әрі құқығы, әрі міндеті. Сайлау арқылы халық өз ойын ашық білдіреді, елдің дамуына тікелей ықпал етеді, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады. Сол үшін саяси реформаларды жүйелі жүргізу, сайлау үдерісін ашық әрі әділ өткізу – еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің маңызды шарты.
Салтанатты кеште «Сайлау – халық үніне құлақ асатын мемлекеттің айнасы» тақырыбы кеңінен талқыланды. Аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы құттықтау сөз сөйлеп, сайлаудың ел тағдырындағы шешуші рөлін атап өтті. Ол азаматтарды қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуға шақырып, сайлау тек дауыс беру рәсімі емес, бұл – ел болашағына бейжай қарамайтын саналы азаматтардың ұстанымы екенін ерекше айтты.
Шара барысында жоғары жауапкершілік танытып, азаматтық позициясын көрсеткен азаматтар салтанатты түрде марапатталды. Оларға облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының, аудан әкімінің және Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтановтың Алғыс хаттары табыс етілді. Сонымен қатар Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасының орынбасары Болат Нұржігітұлы жастардың сайлау мәдениетін қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Дүниежүзілік сайлау күніне арналған шаралар тек салтанатты рәсімдермен шектелген жоқ. Сайлау саласы ардагерлері арасында ұйымдастырылған шахмат турнирінде І дәрежелі диплом Әбдішәки Ауланбергенұлына, ІІ дәрежелі диплом Нағыметулла Сәрсенбайұлына, ІІІ дәрежелі диплом Қуандық Өтешовке табыс етілді. Жас сайлаушылар арасында өткен волейбол турнирі де үлкен қызығушылық тудырып, І орынды «Шиелі аудандық спорт клубы», ІІ орынды «№9 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебі», ІІІ орынды «№10 Шиелі ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» иеленді.
Сонымен қатар жоғарғы сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған эссе байқауы – «Сайлау дегеніміз не?», «Сайлау үдерісі, құқықтары мен міндеттері», «Мен болашақ сайлаушымын» тақырыптарында өтті. Бұл байқау жас ұрпаққа азаматтық көзқарас қалыптастыруға, демократиялық құндылықтарды түсінуге жол ашты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер лайықты марапаттарға ие болды.
Кештің ең әсерлі сәті – концерттік бағдарлама болды. Сахнада шырқалған патриоттық әндер, әсем билер мен көркем композициялар көрермендерге рухани серпіліс сыйлады, елге, жерге, тәуелсіздікке деген сүйіспеншілікті арттырды. Өнер мен азаматтық ұстаным үндескен бұл кеш көпшілікке сайлаудың тек дауыс беру ғана емес, елдің бірлігін айқындайтын, болашаққа жауапкершілік артатын маңызды іс екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сайлау – әрбір азаматтың саналы таңдауы, қоғамдағы әділдік пен ынтымақтың айнасы, мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір. Бұл – халық пен биліктің үндесуі, елдің болашағына деген ортақ қамқорлық. Әрбір сайлау – еліміздің рухани, саяси және әлеуметтік дамуының маңызды тарауы, әрбір дауыс – болашаққа қосқан үлес.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
06 ақпан 2026 ж. 43 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№9 (9376)

03 ақпан 2026 ж.

№8 (9375)

31 қаңтар 2026 ж.

№7 (9374)

27 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728