САЙЛАУ САЛАСЫ: ҚАЛЫПТАСУ ЖӘНЕ САЯСИ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ
Қазақстандағы сайлау саласы Тәуелсіздікпен бірге қалыптасты. 1991 жылғы 1 желтоқсанда елімізде алғашқы бүкілхалықтық Президент сайлауы өтті. Осы кезеңнен бастап сайлау жүйесі біртіндеп дамып, мемлекеттік басқарудың маңызды бөлігіне айналды. 1995 жылы Конституция қабылданып, Орталық сайлау комиссиясы тұрақты орган ретінде жұмыс істей бастады. Бұл сайлауды ұйымдастырудың нақты тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Кейінгі жылдары сайлау туралы заңнама бірнеше рет өзгертіліп, толықтырылды.Уақыт өте келе Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау тәртібі жаңарып отырды. Партиялық тізімдер енгізілді, бірмандаттық округтер қайта қолданылды, өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі пайда болды. Байқаушылар институты дамып, сайлау комиссияларының жұмысы кәсіби негізде жүргізіле бастады. Сайлау – демократиялық мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі. Ол халықтың еркін білдірудің заңды тетігі ретінде ел дамуының басты бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Әрбір азаматтың дауыс беру құқығы Конституциямен бекітілген және оны жүзеге асыру – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Соңғы жылдары сайлау саласында цифрландыру элементтері қолданылып келеді. Сайлаушылар тізімі нақтыланып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңейтілді. Бұл сайлау процесінің ашықтығын арттыруға ықпал етті. Сондай-ақ өңірімізде сайлау науқандарын заң талаптарына сай, ашық әрі әділ өткізуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Сайлау комиссияларының кәсіби жұмысы, қоғамдық бақылаудың күшеюі және заманауи технологиялардың енгізілуі сайлау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етуде.
Сайлаудың маңызын түсіндіру мақсатында халықаралық деңгейде Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын ақпан айының бірінші бейсенбісінде аталып өтеді. Бұл күн сайлау институтының қоғамдық маңызын айқындап, азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға бағытталған. Осы күн аясында сайлау жүйесінің рөлі, азаматтардың дауыс беру құқығы және сайлау мәдениеті туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының бастамасымен 2025 жылы сайлау саласында жастар клубы құрылды. Қазіргі уақытта клуб аясында жастарға арналған кездесулер, түсіндіру жұмыстары, танымдық шаралар ұйымдастырылып, жас буынның азаматтық белсенділігін арттыруға көңіл бөлінуде.
2026 жылы Қазақстандағы сайлау саласының қалыптасқанына 35 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде сайлау жүйесі кезең-кезеңімен дамып, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды әрі орнықты институтқа айналды. Сайлау саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсібилігі мен жауапкершілігі бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асуына негіз болды. Осы орайда, барша сайлау саласының қызметкерлерін, ардагерлерін және белсенді азаматтарды Дүниежүзілік сайлау күнімен құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс, жауапты қызметтеріне сәттілік тілеймін. Өңіріміздің даму жолындағы еңбегіміз жемісті болсын!
Молдабай Дулатов,
Шиелі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы
Шиелі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы








