Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастармен ашық әңгіме: әскерге бару не үшін керек?

Жастармен ашық әңгіме: әскерге бару не үшін керек?

Қазіргі заманда жастардың өмірге көзқарасы сан қырлы. Білім алу, мамандық таңдау, мансап құру – бәрі алдыңғы қатарда тұрған шақта әскер тақырыбы да маңызды пікір ­тудырып отыр. Сол себепті жастармен ашық әңгіме өткізу олардың әскери қызметтің мәнін терең түсінуіне мүмкіндік береді.
Осы мақсатта жуырда «Арман» мәдениет үйінде Шиелі ауданы жастары үшін тағылымы мол кездесу ұйымдастырылды. Шараға әскери сала, құқық қорғау және азаматтық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ соғыс қимылдарының ардагерлері қатысты. Қатысушылар жас буынмен еркін форматта ой бөлісіп, әскери қызметтің маңызды қырларын түсіндірді.
Кездесуді Шиелі ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскерге шақыру бөлімшесінің бастығы, майор Серікбай Назаров ашып, көктемгі әскерге шақыру науқанының барысы туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол жастарға әскери қызметтің тек борыш емес, өмірлік тәжірибені шыңдайтын кезең екенін атап өтті:
– Әскер – тек қызмет емес, бұл – адамды шыңдайтын, бойға батылдық пен жауапкершілік сіңіретін өмір мектебі, – деді ол.
Майор әскери қызметтің әр азаматты тәртіпке, ұжыммен жұмыс істеуге үйрететінін, қиын жағдайларда шешім қабылдай білу қабілетін қалыптастыратынын айтты. Оның сөзінше, әскери өмірде алынған тәжірибе азаматтың барлық өмірінде маңызды рөл атқарады.
Жиында сөз алған аудандық шекара бөлімі бастығының орынбасары, майор Расул ­Менгалимов мемлекеттік шекараның ел қауіпсіздігіндегі шешуші рөліне тоқталды. Оның айтуынша, әскер қатарынан өткен жас жігіттің өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгереді.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі №13 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Аслан Марғұланұлы әскери қызмет пен азаматтық қорғау саласының өзара байланысын атап өтті.
– Төтенше жағдай кезінде адамнан батылдық, жылдам шешім және сабыр талап етіледі. Бұл қасиеттер әскерде қалыптасады, – деп жастарды елге қызмет етуге шақырды.
Кездесудің ең әсерлі әрі жүрекке жеткен бөлігі – «Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері мен мүгедектері» Шиелі аудандық қоғамдық бірлестігінің ардагерлері Ғ.Балтабайұлы, Е.Есжанұлы мен Ф.Қаратайұлының естеліктері болды. Ардагерлер соғыс жылдарындағы қиын сәттерді еске алып, бейбіт күннің қандай құрбандықпен келгенін айтты:
– Бейбіт күннің қадірін соғыс көрген адам жақсы біледі. Тыныш өмір – қорғаусыз болмайды, – деді олар.
Сонымен қатар Шиелі кенті әкімі аппаратының әскери есеп жөніндегі жетекші маманы Айгерім Кенбаева жастарды әскери есепке алу, тіркеу жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың дұрыс жүргізілуі әскерге шақыру науқанының табысты өтуіне тікелей әсер ететінін айтты.
Кездесу соңында жас қатысушыларға бір ақиқат анық көрінді. Әскер – тек борыш қана емес, бұл – өмірге дайындалудың, рухты шыңдаудың, ерлік пен жауапкершілікке жол ашатын маңызды кезең. Ел тыныштығы мен тәуелсіздігі әр азаматтың санасында басталады, ал оны қорғау – әрбір жас үшін парыз.
Әскерге бару – уақыт жоғалту емес, керісінше, болашаққа салынған ең сенімді инвестиция. Бұл – батылдыққа, төзімділікке, шешім қабылдай білуге, адамдық қадір-қасиетке баулитын өмір мектебі. Жастардың әрбір қадамы – Отан алдындағы жауапкершіліктің айнасы.
Сондықтан әр жігіт түсінуі тиіс: қазіргі бейбіт күн – қорғауды қажет етеді, ал әскерге бару – сол қорғаудың нақты қадамы. Елге адал қызмет ету – таңдау емес, борыш, ал сол борышқа адалдық – нағыз ерліктің өлшемі. Ел тыныштығы – жас жүректің батылдығы мен саналы таңдауының арқасында сақталады.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ ,
Суретті түсірген Бақытжан БӘЙІМБЕТ
21 қаңтар 2026 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№5 (9372)

21 қаңтар 2026 ж.

№4 (9371)

17 қаңтар 2026 ж.

№3 (9370)

13 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031