
Жақында «Арман» мәдениет үйінде әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс бөлімшесінің бастығы Серікбай Назаров жастармен кездесу өткізді. Ол жиын қатысушыларына көктемгі әскерге шақыру науқаны бойынша атқыралып жатқан жұмыстарды тарқатып айтып берді. Наурыз-маусым айларында кезекті көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылдың көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары барысында шиелілік 88 азамат сарбаз атанған. Жас жігіттерді әскери қызметке іріктеу кезінде психологиялық тестілеуге айрықша маңыз беріледі. Болашақ сарбаздардың жеке істерімен танысу барысында комиссия өкілдері олардың біліміне, мамандығына, отбасылық жағдайына, дене және әскери дайындығына, моральдық-іскерлік сапасына барынша мән беретін болады. Ал жоғары білімді жастарға әскери салада тиімді мүмкіндіктер қарастырылған. – Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Өйткені туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық және елге шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, туған жерін қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы. Міне, әскердегі тұрмыс та олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, болашаққа бағыт-бағдар беретін, тәлімі мен тәрбиесі мол орта, – дейді майор. Айта кетейік, әскерге барып келген азаматтар келісімшарт бойынша әскери қызметке тұра алады. Сондай-ақ биыл көктемгі мерзімді әскерге 92 азамат аттанбақшы. Солардың қатарында Алғабас ауылының тұрғыны да бар. – Осы уақытқа дейін аудандық және облыстық медициналық тексерулерден жақсы өттім. Психологиялық тест жауаптары да жақсы нәтижеде. Балалық шағымда әскери адам болу арманым болатын. Мерзімді әскери қызметімді аяқтаған соң әскери бөлімде келісімшарт бойынша қызмет етемін деген ойым бар. Бауырларымды, достарымды, інілерімді Отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақырамын, – дейді әскер қатарына шақырылушы Жанболат Балтабаев. Жиын соңында бөлім басшысы азаматтарды әскерге шақыру учаскесіне тіркеу, әскерге шақырудың тәртібі, борышын өтеуді кейінге қалдырудың қандай негізде іске асырылатыны жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірді.
Айнұр ИБРАШЕВА,
сурет автордікі