Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскери қызметке шақыру науқаны басталды

Әскери қызметке шақыру науқаны басталды

Әскери қызмет – ер баланың есейіп, темірдей тәртіпке төзімді болып, еліне деген патриоттық сезімін арттыратын, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін орта. Әскери борышын өтеу ер азаматтың алдындағы мәртебелі міндет десек болады.


Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ал облыста әскери қызметке шақыру бірінші наурыз күні басталған болатын. Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жөнінде Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Жасұлан Шаңқұлов ақпарат алаңында баяндап берді.

– Осы жылдың 1 наурызынан бастап әскери қызметке шақыру жұмыстары басталды. Облыста 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар еліміздің Қарулы күштерінде және басқа да әскери құралымдарда отан алдындағы борыштарын өтейді. Көктемгі мерзімді әскерге Қызылорда облысынан 850-ге жуық ер-азамат барады. Оның ішінде Шекара қызметіне 160-қа жуық, Қарулы күштер қатарына 410-ға жуық, Ұлттық Ұлан қызметіне 260-қа жуық, Мемлекетттік күзет қызметіне 15-ке жуық азамат әскери борышын өтейді. Қазірдің өзінде шекара қызметіне аттандыру жұмыстары бойынша 80-ге жуық азамат әскери борышын өтеуге жіберілді, – деді Жасұлан Бөгенбайұлы.

Әскери қызметке шақыру жұмыстары маусым айына дейін жалғасады деп күтілуде.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
13 наурыз 2024 ж. 62 0