Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА БЕЛЕСКЕ БЕТ АЛҒАН ӨҢІР

ЖАҢА БЕЛЕСКЕ БЕТ АЛҒАН ӨҢІР

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астанада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы турасында брифинг өткізді. Соңғы жылдардағы жетістіктері мен стратегиялық ж­оспарларын жария етті.
Бұл баяндама өңірдің экономикасы мен әлеуметтік саласындағы нақты нәтижелерді, инфрақұрылымдық жобаларды, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді жан-жақты көрсетеді.
2025 жылы облысқа тартылған инвестиция көлемі 750 миллиард теңгеден асты. Бұл – өңірдің әлеуетіне сенімнің көрінісі ғана емес, жаңа өндіріс орындарын ашуға, инфрақұрылымды жаңартуға, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік беретін нақты капитал. Ауыл шаруашылығында да оң үрдістер байқалады. Күріш алқаптарының 60 мың гектары лазерлік тегістеу технологиясын пайдаланып, су шығынын азайту арқылы өнімділікті арттырды. Су үнемдеу технологиялары 8 100 гектарға енгізіліп, өткен жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Сонымен қатар Шиелі, Қазалы, Арал ауданында шетелдік компаниялардың қатысуымен жүгері мен жоңышқа егетін үш ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл – агротехнологиялық жаңашылдықтың және суды тиімді пайдаланудың айқын үлгісі.
Өңірде экономикалық даму тек ауыл шаруашылығымен шектелмейді. Соңғы 11 айда 28 мыңға жуық адам жұмысқа қамтылды. Жаңа жылу-электр орталығы іске қосылып, Сыр өңірі 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі – 95 пайыз. Сонымен қатар «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен облыс орталығындағы теміржол вокзалы 600 млн теңгеден астам қаржыға күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда Арал, Сексеуіл, Жалағаш, Тереңөзек вокзалдары қайта салынып, Қазалы, Төретам, Шиелі, Жаңақорған теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өтуде.
Қызылорда облысы құрылыс саласында да республикада көшбасшы өңірлердің қатарында. Соңғы үш жылда барлық аудандарда 1 800-ге жуық жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді: 2023 жылы 430, 2024 жылы 1 015, 2025 жылы 332 пәтер жерлестерге табыс етілді. Биыл 3 600 пәтерлік тұрғын үйге бюджеттен 58,8 млрд теңге бөлінді.
Білім беру саласында Қызылорда қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» академиясы құрылысына 11 млрд теңге қаралды. Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында 3 млрд теңгеден астам қаржыға Оқушылар үйі мен Өнер мектебі салынды. Сонымен қатар облыс орталығында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының демеушілігімен 2,5 млрд теңгеге заманауи Оқушылар сарайы ашылды. «Саутс Ойл» компаниясы музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасын салуға 4,8 млрд теңге демеушілік жасады. Сондай-ақ соңғы үш жылда 51 мектеп күрделі жөндеуден өтті, ал биыл 9 мектеп жаңғыртылды. «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері – 2025» республикалық байқауында Шиелі ауданы «Айналайын» бөбекжай-бақшасының әдіскері І орын алды.
Денсаулық сақтау саласында да өңір айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Биыл 48,6 млрд теңгеге 43 медициналық нысан іске қосылды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 10,8 млрд теңгеге 28 медициналық нысан салынды. Қызылорда қаласында 36,4 млрд теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухана құрылыс қарқынын алды, 5,4 млрд теңгеге аудандағы орталық ауруханалар жанынан қосымша ғимараттар бой көтерді. Шиелі ауданында 2,3 млрд теңгеге жаңа жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылды, ал Арал ауданында 2,2 млрд теңгеге жаңа нысан пайдалануға беріледі. Бұрын өз ғимараты болмаған Қан орталығы да жаңадан салынған ғимаратта қызмет көрсетуде.
Спорт инфрақұрылымы да аймақ дамуының басты бағыты. Соңғы үш жылда 21 спорт кешені бой көтерді. Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион УЕФА ІV санатты сертификат алған, ал 4 қазан күні футболдан Қазақстан кубогының финалы өтті. Сондай-ақ 25 мың шаршы метр аумаққа құрылған 20,5 млрд теңгеге салынған «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені құрылыс алаңында қарқынды жүріп жатыр. «Самұрық Қазына Траст» қоры салған теннис орталығы, «Қазақстан халқына» қоры демеушілік жасаған Шиелі мен Жалағаштағы спорт кешендері пайдалануға берілді. Тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешені жақын күндері ашылады.
Қызылорда облысының дамуы – тек экономикалық өсім немесе жаңа нысандардың саны емес. Бұл – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс, білім мен денсаулық сапасының жақсаруы, спорттық және мәдени инфрақұрылымның дамуы арқылы қоғамды жаңғырту. Бүгінгі жетістіктер – ертеңгі сенімнің кепілі. Сенімді болашаққа атталған әрбір қадам – тек Қызылорда үшін ғана емес, Қазақстан үшін де үлгі болып отыр.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
23 желтоқсан 2025 ж. 29 0

Қоғам

ӨНЕР МЕН ТӘРБИЕ ТОҒЫСҚАН ОРТА
23 желтоқсан 2025 ж. 30

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (9365)

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 (9364)

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031