Шырша шамы жағылған сәт
Дүйсенбі күні аудан тұрғындары мен қонақтары сағат тілі 18:00-ді үздіге күтіп, соңғы секундтарын хормен санап, жаңажылдық шыршаның шамын жағу рәсіміне куә болды. Мұстафа Шоқай орталық алаңында орналасқан шыршаның шамын аудан әкімі А.Жандарбеков, Шиелі индустриялды-аграрлық колледжінің электрик мамандығының оқытушысы Ж.Бердіқұлов, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Н.Омарханова, республикалық ғылыми жобалар конкурсының І орын иегері, №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы А.Мұхамедияр жақты. Жылына бір келетін ғажайып сәтті көруге жиналған адамның қарасы қалың.Көркі ерекше көз тартатын шыршаның маңына жиналған жұрт бір сәт ертегілер еліне енгендей күйде болғаны рас. Айнала – жалт-жұлт еткен шамдар, түрлі-түсті киінген клоундар, Аяз ата мен Ақша қар... Бәрі-бәрі жаңажылдық көңіл күйге бөлеп, қыс қызығын арттыра түсті. Бас шырша жарық декоративті ұлпа қармен және өрнектермен, сары-қызыл реңдегі ойыншықпен, гирляндалармен, басқа да әсем заттармен безендірілген.
Әне-міне дегенше орталық алаң думанға толды. Сахнаға шыққан өнерпаздар көпшіліктің көңілін көтеріп, жылан жылының жетістіктерімен бөлісті. Аудан әкімі А.Жандарбеков жыл бойы атқарылған жұмыстарды тарқатып, тұрғындарды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Шиелі аудан үшін жылан жылы жетістіктерге толы болды. Әсем, еңселі «Руханият орталығы», Оқушылар үйі, 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараты бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізіп, жолдардың сапасы жақсарып келеді. Аудан халқының еңбегімен біршама қарқынды жұмыс атқарылды. Қол жеткізген жетістік пен атқарылған жұмыстың барлығы – татулықты ту етіп, ынтымағы жарасқан бірлескен тірліктің арқасы. Алдағы уақытта да тұрғындар өмірінің сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын таба беретін болады. Табалдырықтан енгелі тұрған жылқы жылы елімізге құт-береке ала келсін, – деді аудан басшысы.
Аудан өнерпаздары мерекелік кештің көрігін қыздырып, аязды күннің суығын сездірмеді. Жаңа жылдан жақсылық күткен жұрт әншілермен қосыла ән шырқап, биледі. Шырша шамын жағу салтанатына жиналған қауымның қуанышында шек жоқ. Балалар да ертегілер әлеміне тап болғандай күйге түсті.
Г.Әбдіхани








