ТАЛАНТ ПЕН ЕҢБЕКТІҢ ЛАЙЫҚТЫ БАҒАСЫ

Облыстық филиал төрағасы Алмасбек Есмаханов алдымен партия мүшелерін құттықтап, олардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Марапат алғандар қатарында білім, мәдениет, қаржы, әділет саласындағы қызметкерлер бар. Олар әлеуметтік жобаларды ұйымдастыруға, ел ішінде татулық пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.
Төраға өз сөзінде атап өтті:
– Конституция – еліміздің тәуелсіздігі мен демократиялық дамуының тірегі. Осы маңызды күні партиямыздың қоғамдағы тұрақтылық пен әділдік жолында аянбай еңбек етіп жүрген белсенді мүшелерін ерекше атап өтіп, алғыс білдіру – заңдылық. Сіздердің еңбектеріңіз еліміздің болашағына сіңіп жатыр.
Бұл сөздер қоғамдағы белсенді азаматтардың еңбегін бағалап, олардың қызметінің маңыздылығын ерекше сезіндіреді.
Салтанаттың екінші бөлімі «Ұлы дала» шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттауға арналды. Байқау жас ақындар мен жазушыларға арналған ірі алаң ретінде танымал. Олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, жаңа идеяларға жол ашуға бағытталған. Биылғы байқау Ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылды. Қатысушылар «Поэзия», «Проза» және «Балаларға арналған шығарма» номинациялары бойынша сынға түсті. Байқауға келіп түскен жұмыстарды жергілікті ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған байқау комиссиясы әділ бағалады.
Поэзия номинациясында І орын «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі, республикалық «Қалам мен ғалам» поэтикалық дуэлінің жеңімпазы Аружан Оралбайға, ІІ орын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының мүшесі Тұрар Бекмырзаевқа, ІІІ орын Қосшыңырау ауылдық округ әкімдігінде жетекші маман-заңгері, ақын-жазушы Айбану Қалиеваға бұйырды.
Ал проза жанры бойынша І орынды ҚР Журналистер одағының мүшесі, республикалық және облыстық шығармашылық конкурстардың жүлдегері Адина Ұзақбаева, ІІ орынды облыстық жыр мүшайраларының жүлдегері Дәулет Қаһарман, ІІІ орын «Халық» газеті бас редакторының орынбасары, inbusiness.kz тілшісі Рыскелді Жахман иемденді.
Сонымен қатар балаларға арналған шығарма номинациясында І орын №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Махаббат Сайымова бұйырса, ІІ орынды «Өскен өңір» газетінің тілшісі, «Үздік жас журналист – 2023» номинациясының иегері Айнұр Ибрашева, ал жүлделі ІІІ орынды облыстық мүшайра мен шығармашылық конкурстардың жүлдегері жас ақын Бақытжан Серікбай алды.
Жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Бұл марапат олардың шығармашылығын дамытып, жаңа бастамаларға, жаңа шығармаларға шабыт беретін үлкен серпін болды.
Шараның өтуіне демеушілік жасаған «АБУСЕР» және «Абай-Дәулет» серіктестеріне ризашылық білдірілді. Осындай қолдау жас таланттарды насихаттап қана қоймай, мәдени және рухани құндылықтарды сақтап, жастарға шабыт сыйлайды.
Бұл шара Конституция күні мерекесінің мәнін тереңінен ашып, қоғамдағы белсенді азаматтардың және жас таланттардың рөлін айқын көрсетті. Елдің тұрақтылығы мен болашағы бүгінгі белсенділер мен жас шығармашылық адамдардың қолында екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ