Елге қызмет – ерлікпен пара-пар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызмет – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау» деген сөзі осы саланың маңызын дөп басады.
Шиелі ауданында184 мемлекеттік қызметші бар. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі жас мемлекеттік қызметшілер саны бүгінгі таңда 45, яғни 25 пайызды құрап отыр.
Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Бүгінгі қоғамда мемлекеттік қызметшілерге үлкен міндеттер жүктелген. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Сондықтан адам құндылығына қызмет ету қашанда мерейлі екенін ойласақ, өз тағдырын сеніп тапсырып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберліктері мен біліктіліктеріне сенім артқан жандардың көңілінен шығу қашанда парыз болмақ.
Мереке қарсаңында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жас мемлекеттік қызметшілерді қабылдап, олармен еркін пікір алмасты. Аудан басшысы мемлекеттік қызмет жай ғана мамандық емес, үлкен абыройлы міндет екенін тілге тиек етті.
– Мемлекеттік қызметші бір саланы қамтитын мамандық емес, ол Президентіміздің саясатын жергілікті жерде жүргізетін, халықпен тығыз байланыс орнататын, елдің мұң-мұқтажына құлақ асып, сол міндеттерді жүзеге асыратын қызмет. Яғни, бір сөзбен айтқанда мемлекетіміздің бет-бейнесі. Себебі мемлекеттік қызмет, ол – халықтың күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге байланысты ең өзекті деген мәселелермен айналысатын, оларды шешу мақсатында шешімдер қабылдайтын қызмет.
Ауданымыздың әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алға басуы да көп жағдайда өздеріңіздің жанкешті қызметтеріңіздің жемісіне байланысты. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында ғана еліміз табысы мол, гүлденген мемлекетке айнала алады.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін! Отаны – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолында атқарып жатқан қызметтеріңіз жемісті болсын! – деді Айтбай Насриддинұлы.
Сондай-ақ аудан әкімі өз сөзінде қазіргі таңда елімізде білімді жастардың мемлекеттік қызметке келуіне көп жағдай жасалынып отырғанын жеткізді.
Кездесу барысында жас мамандар да ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Қарғалы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ғасырхан Мырзаханов мемлекеттік қызмет арқылы ауыл-аймақтың тұрмыс-тіршілігімен толық танысып, мәселелерді шешу жолында мол тәжірибе жинаған, алдағы уақытта білім-біліктілігімен ауылдың экономикалық әл-ауқатының жақсаруына үлес қоспақ. Сонымен қатар, аудан әкімінің қолдауымен құрылған «Рухани өрлеу» шығармашылық орталығының мүшелері – жас мемлекеттік қызметшілер – өз өнерлерін ортаға салып, жыр шумақтарын оқыды.
Жиында белсенділік танытып, өз жұмысын абыроймен атқарып жүрген мамандар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Атап айтар болсақ, Жаңатұрмыс ауылдық округі әкімдігінің қаржы саласы жөніндегі бас маманы Асылхан Нұржанұлы, Ортақшыл ауылдық округі әкімдігінің жетекші маманы заң, қызметкері Айгүл Кәрімбекқызы, аудандық құрылыс сәулет және қала құрылысы бөлімі сектор меңгерушісі Жанболат Данабеков, Шиелі кенті әкіміні аппаратының ұйымдастыру және шаруашылық бөлімінің жетекші маманы Олжас Оралбайұлы, Тұран ауылдық округі әкімдігінің шаруашылық есебін жүргізу және жастар ісі жөніндегі бас маманы Нұрберді Өркенұлы марапат мінберінен көрінді.
Мемлекеттік қызметшілер мерекесі қарсаңындағы шаралар легі Шиелі индустриалды аграрлы колледжіндегі спартакиадамен жалғасын тапты.
Жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы спорттық сайысты аудан әкімі Айтбай Жандарбеков пен Қызылорда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Бағдат Әбдіқадыр ашып берді. Сондай-ақ аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қабілеш Бекішев мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.
Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған сайыста гір тасын көтеру, арқан тарту, қол күрес секілді ұлттық ойын түрлерінен күш сыналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, спартакиаданың бірден-бір мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік қызметшілерді спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, командалық рухты, мақсатқа ұмтылушылықты, ерік-жігерді, табандылықты және жеңіске ұмтылысты тәрбиелеу. Сайыс нәтижесінде жеңіске жеткен қатысушылар арнайы сый-сияпатпен марапатталды.
Мемлекеттік қызмет – жүректен шыққан қызмет. Бұл – елге, жерге, ұрпаққа деген адалдықтың айғағы. Сондықтан 23 маусым – тек кәсіби мереке емес, бұл – жауапкершілікті сезінудің, болашаққа сеніммен қараудың күні.
М.ИБРАГИМОВ