Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасады

Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасады

Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусым күні өткен референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған үндеуінде айтты.
«Мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасады. Біз қоғамның барлық өкілдерінің талап-тілектеріне жауап беретін озық мемлекет құруымыз керек. Басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетін болады.
Мемлекеттік аппарат бизнеспен, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтармен тығыз жұмыс істеуге баса назар аударуға тиіс. Сол арқылы ел мүддесіне сай тиімді шешімдер қабылданып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түседі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек деген ойын айтты.
«Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл –  туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз.
Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай Заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірленуге тиіс. Мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн.
Біз қоғамның және бизнес өкілдерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сұранысы арта түскенін көріп отырмыз. Елімізге азаматтар мен кәсіпкерлерді барынша қорғайтын құқық жүйесі қажет. Заңнамада мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейтін ешбір кедергі қалмауға тиіс. Заман талабына сай келмейтін және күмән туғызатын нормалардың бәрі күшін жоюға тиіс», деді Мемлекет басшысы.
06 маусым 2022 ж. 2 181 0