Саулық сақшыларына құрмет

Медицина – жай ғана мамандық емес. Бұл – үлкен жауапкершілікті, терең білім мен кәсіби шеберлікті, мейірім мен жан жылуын қажет ететін асыл іс. Дәрігер болу – бұл тағдырдың емес, жүректің таңдауы. Себебі адам өмірі мен өліміне араша түсу, сағатпен емес, сәтпен санасу – тек жүрегінде адамға деген шексіз сүйіспеншілік бар жанның қолынан ғана келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында денсаулық сақтау саласының дамуы – ұлт болашағының кепілі екенін үнемі айтып келеді. Ол өз сөзінде: «Әрбір қазақстандықтың денсаулығы – біздің басты байлығымыз. Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, медицина инфрақұрылымын дамыту – басты міндетіміз» деген болатын. Осы бағытта елімізде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бір айғағы – Сыр өңіріндегі Шиелі ауданының медициналық жетістіктері.
Аудан көлемінде денсаулық сақтау саласына ерекше мән берілуде. Жаңа медициналық нысандардың салынуы, заманауи құрал-жабдықтардың орнатылуы, білікті мамандардың тартылуы – осының айғағы. Өткен жылы облыс бойынша жоспарланған 11 дәрігерлік амбулаторияның 5-еуі Шиелі ауданында бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Бұл – аудан халқы үшін үлкен жаңалық, қуанарлық жағдай.
Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Көпбейінді орталық аудандық аурухана ғимаратына қосымша блок салынып, МРТ құрылғысын орнату жұмыстары қолға алынды. Бұл – тек аудан тұрғындарына емес, өңір халқы үшін де маңызды қадам. Бұған қосымша, «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясында күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Соңғы екі жыл ішінде ауданға 30 жедел жәрдем көлігі алынғаны – шұғыл көмекті жедел әрі сапалы жеткізуге мол мүмкіндік туғызды.
Кеше Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде тәуелсіз еліміздің болашағы үшін алдына барған жанға тек дәрімен ғана емес, жылы сөзімен де ем табатын, күндіз-түні ел саулығын күзететін медицина қызметкерлерінің мерекесіне орай «Ақ халатпен ақ пейіл, адал жүрек» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков, ақ халатты абзал жандар мен аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік кеште дәрігерлер қауымының сырқатқа ота жасау сәтінен бейнекөрініс көрсетіліп, сахналық қойылыммен жалғасты. Мұнан соң аудан басшысы Айтбай Жандарбеков сахна төріне шығып, сала мамандарын мерейлі мерекесімен құттықтады.
– Құрметті медицина саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке адам жанына араша болып, шексіз құрмет пен алғысқа бөленген, қай кезде де сенімнің үдесінен шыға білген, асқан шеберліктің иесі – дәрігерлердің мерекесі. Әр адам үшін оның денсаулығы мен өмірінен артық құндылық жоқ. Сондықтан да, сіздердің көмектеріңізбен тоқтаған жүректер қайта соғып, үзілген үміттер қайта жалғанады. Халықты қуанышқа бөлейтін жұмыстарымыз тек осымен шектеліп қалмай, үздіксіз жалғасын таба бермек, – деді аудан әкімі.
Шара барысында аудан медицинасының дамуы жолында күн-түн демей айрықша еңбек етіп жүрген сала қызметкерлері облыс және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шараның келесі сөз кезегін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков жалғады. Ол медицина саласы бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жүйелі істердің нәтижесін жоғары бағалады. Сондай-ақ үздік деп танылған ақ халатты абзал жандарға төл мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет» грамотасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының «Құрмет» грамотасы мен сыйақы табыс етті.
Айта кетейік, Астана қаласында медицина қызметкерлері күніне орай өткен республикалық іс-шарасында Жөлек ауылдық амбулаториясының білікті дәрігері Жақып Оразайұлына «Ең үздік ауыл дәрігері – 2025» номинациясын Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріппайқызы табыстаған болатын. Бұл да аудан медицинасы үшін үлкен жетістік, еңбек майталмандарының қажырлы еңбегінің жемісі.
«Ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші адам үшін ең басты орында тұратын – денсаулық. Осы «олжаны» сіз бен бізге сыйлайтын, оны ауырлықтан шығарып алып беретін аудан дәрігерлері мен медбикелері. Айтулы шарада сала қызметкерлерінің құрметіне аудан өнерпаздары әуелете ән салып, мерекелік салтанатты жиынның шырайын келтірді.
Мейіржан ИБРАГИМОВ