Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан Орталық Азия елдерінен 11 млрд текше метр су алады

Қазақстан Орталық Азия елдерінен 11 млрд текше метр су алады

Қазақстан Орталық Азия елдерінен 11 млрд текше метр су аладыАталған көлемдегі суды алу сәуір айына дейін жүзеге асырылады, деп хабарлайды Egemen.kz. Сала ведомствосының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов осы жөнінде келісімге келді. Душанбе қаласында Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 88-ші отырысы өтіп, оған Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан су шаруашылығы ведомстволарының басшылары қатысты.
Тараптар Сырдария және Әмудария өзендері бассейндерінде вегетация аралық кезеңнің өту барысын қарастырған. Айта кетсек, келісілген су көлемі Сырдария өзені арқылы Түркістан облысының Шардара су қоймасына келеді. Оның ішінде 1,6 млрд текше метр су Арал теңізіне жіберілмек.
«Бұл биыл суару кезеңі үшін қажет су көлемін жинауға, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы экожүйені сақтау іс-шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Еліміздің оңтүстігіндегі жағдай батыс пен солтүстіктен өзгеше екенін атап өтемін. Мұнда үлкен көлемдегі су тасқыны болған жоқ. Ал жазда суармалы суға деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан да біз оңтүстікті сумен қамтамасыз ету бойынша мүлдем басқа жұмыс жүргізіп жатырмыз. Су дипломатиясы – біздің министрлік жұмысының маңызды бағыты. Осы келіссөздердің нәтижесінде өткен жылы еліміздің оңтүстігін сумен тұрақты қамтамасыз еттік. Біз су бөлу және трансшекаралық су нысандарын қорғау жөніндегі барлық мәселелерді Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімізбен бірлесе отырып шешеміз», деді министр Нұржан Нұржігітов.
30 қаңтар 2025 ж. 52 0