Ақтөбе әкімі су тасқынына дайындық барысын тексерді

Қазіргі уақытта ұзындығы 1300 метрді құрайтын Елек өзенінің бойында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, тәуекел аймағына түскен Ақтөберентген-14, 16, Урожайный, Зеленстрой бау-бақша ұжымдарында еріген қар суын бұру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жерлерде Заречный көпірінен Кірпішті көпіріне дейін Елек өзенінің бойымен үйінді жасалады. Жұмыстарды «ZNS Group» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізеді, жобаның құны – 117,55 млн теңге.
Асхат Шахаров Сазды су қоймасының ағымдағы жөндеу барысын да тексерді. Мұнда су жинақтаушы орынның түбін бөлшектеу, екі қатарлы арматурамен бетон құю және мұздан қорғайтын қабырғаны орнату жұмыстары аяқталған.
Қаланы жұмыс бабымен аралау қорытындысы бойынша әкім жағалауды нығайту жұмыстарының аяқталуын жеделдетуді және неғұрлым осал аумақтарда қорғаныс бөгеттерін салуға кірісуді тапсырды.