Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 200-ге жуық үй су астында қалды

200-ге жуық үй су астында қалды

Өткен аптада Ақтөбе облысының тұрғындары отыз жылдан бері көрмеген су тасқынын бастан кешірді. Күн күрт жылынып, еріген қар суы тоңы қалың жерге сіңе алмай, сай-салалармен дала өзендерін толтырды. Екі күн бойы жауған жаңбыр Жем, Ембі, Темір, Қауылжар, Сағыз, Ырғыз, Ор, Ойыл, Қобда өзендеріндегі су деңгейін көтеріп, сең жүре бастады. Алты ауданға бірдей су тасқыны қаупі төнді. Жұрт қолдарына күрек-сайманын алып, алдын бөгесе де, қызылсу жойқын күшпен үйлерге кіре бастаған соң қорадағы малын биіктеу жерге айдады.

200-ге жуық үй су астында қалды

Қауылжыр өзені Шал­қар көлін толтырып, темір­жол бойындағы Ұлпан, 67-разъездегі үйлерге кір­ді. Темір ауданының Шұ­барқұдық, Саркөл, Шұбарши, Еңбек, Құмсай ауылдарына, Мұғалжар ауданының Ембі, Бірлік, Жағабұлақ ауылдарына су кіріп, тасжолдарды шайып, көпірлерді бұзды, электр бағаналарын құлатты. Қобда ауылына, Ойылдың төрт ауылына кірді. ТЖД мен полицияның құтқару жасақтары тұрғындарды Ойыл ауданының орталығын­дағы мектеп пен колледж ғимаратына эвакуацияла­ды. Ойыл ауданының Екпе­талы мен Қаратал ауылдары су астында қалды. Үй-жайы мен малын тастап кете алмаған көпшілік адам бойы­мен бірдей көтерілген судан қашып, бір түн мектеп­тің шатырына шығып, көмек күтті. Т.Бигелдинов атын­дағы әскери әуе күштері институтының ұшқыштары Қаратал ауылының – 27, Көга­лы ауылының 68 тұрғы­нын эвакуациялады. Ойыл­мен арада көлік байланысы үзілді. Ырғыз өзенінің суы Қарабұтақ, Қарасай ауыл­дарының үйлеріне кірді. Әйте­ке би ауданында былтыр салынған Щербаков бөгетін тасқын бұзып, Темірбек Жүргенов ауылына су кірді. Ырғыз ауданы Құрылыс ауы­лы маңында, Самара-Шым­кент тасжолының бойын­дағы көпірді ағызып кетті. Үлкен Сазды өзенімен жал­ғас­қан кіші Саздының үй­дей-үйдей сеңдері Ақтөбе қаласының ортасына дейін барып, әзер тоқтады. Ор өзені Хромтау ауданындағы Қопа және Тамды ауылдарының арасындағы жолды талқан­дады.
28 наурызда Ақтөбе қа­ласы мен Қобда, Мұғалжар, Темір аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Сол күні алты ауданда электр жарығы сөніп, 200-ге жуық үй су астында қалды, 2 870 адам эвакуацияланды. Елек өзенінен Ақтөбе қоймасына бір тәу­лікте 150 млн текше метр су құйылып, плотинаның жарылу қаупі төнген соң секундына 1 мың текше метрден су жіберіле бастады. Жайылған су Елек өзені жағалауы мен Қарғалы өзенінің Кір­пішті көпіріне жақын жер­де­гі тұрғын үй алаптарына жетті. Құтқарушылар мен полиция жасағы осы жер­дің тұрғындарын шұ­ғыл түрде эвакуациялады. Облыс орталығындағы 53 мектеп уақытша эвакуа­циялау орталығына айналды. Ақтөбеге Премьер-ми­нистрдің бірінші орынбасары Роман Скляр келіп, жағдайды өз көзімен көрді. Қазір Ақтөбе қаласында – 32, Ойыл ауданында – 17, Темір ауданында – 5, Қобда ауданында – 6, Хромтау ауданында – 1, Ырғыз ауданында 1 мектепті 3 108 адам паналап жүр, олардың 1 518-і – балалар. Осы мектептердің оқушылары 5 сәуірге дейін қашықтан оқиды.
Күтпеген жерден тас­қын судың астында қал­ған ақтөбеліктер ұйымшыл­дықпен әрекет етті. Облыс әкімі Асхат Шахаров пен қала әкімі Азамат Бекет су тасыған мезеттен бас­тап, тұрғындардың жанынан табылды. Жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдай, полиция қызметкерлері, волонтерлер, депутаттар, қара­пайым тұрғындар, кәсіп­керлер зардап шеккендерге көмек қолын созды. Қара суды белден кешіп, саяжайда қалып қойған адамдарды, жан-жануарды алып шыққан құтқарушылардың еңбегі зор. Бұл күндері су басқан жерлерден тұрғындарды көшіруге 1,5 мың адам, 320-дан аса техника мен 70 мотопомпа жұмылдырылды. Көңілге медеу болатыны – адамдар аман. Өкініштісі, көптеген үй тұруға жарамсыз болып қал­ды, мал шығыны көп, жолдар, электр бағаналары, газ желілері бұзылды.
 
Ақтөбе облысы 
01 сәуір 2024 ж. 109 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930