Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Орман алқабы көбейтіледі

Орман алқабы көбейтіледі

Ақтөбе облысы – еліміздегі жасыл желегі аз өңірлердің бірі. Аймақта мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 500 мың гектардан сәл-ақ асады. Өңірде жеті орман шаруашылығы мекемесі бар. Алдағы бес жылда елімізде 2 млрд түп ағаш отырғызу жөніндегі Президент тапсырмасын орындау үшін былтыр өңірлік жоспар құрылды. Кешенді жоспарға сәйкес, Ақтөбе облысында алдағы бес жылда 30 744 гектар алқапқа 61 млн түп ағаш отырғызу керек. Өткен жылы 1 200 гектар жерге 2 млн түп көшет отырғызылды. Биыл осы жұмыс тағы да жалғасын табады.
Жақында өткен облыстық мәслихаттың VІІ сессиясында депутаттар Мұғалжар ауданы аума­ғында Орқаш орман мекемесінің құрылуын мақұлдады. Оның аумағы 57 мың 469 гектарды құрайды. Бұл жер ежелден Көк­жиде тұщы жерасты су қорымен жалғасқан табиғи оазис. Орқаш шатқалының құмды белдеуінде ежелден қайың, көктерек, қа­рағаш, қарағай өскен бірегей орман алқабы болса да, көп жылдан бері қорғаусыз қалған. Тоғай қарауыл орманшысы болмаған соң тозалы. Біртіндеп ағашы сирей береді де, ақыры жоғалып, шөбі аз қу жазыққа айналады. Орқаш та сондай жер. Кеңес өкіметі жылдары Көкжиде жер­асты су қоры ерекше қорғауға алынып, жиегіндегі Орқаштың құм белдеуіндегі тоғайына да балта тиген емес. Бірақ соңғы отыз жылда Орқаш тоғайы да мұнай компанияларының таптауына түсті. Жерасты мұнайын алып жатқан Көкжиде құмының табиғи кешені, Құмжарған құмы мен Жем өзені аңғарындағы Орқаш тоғайының мүшкіл жағ­дайына жергілікті тұрғындар бірнеше жылдан бері қатты алаң­дап келеді.
Биылғы сәуірден бастап аудандардағы барлық орман шаруашылығы мекемелеріндегі қура­ған ағаштар 15 млн түп жас өскінмен алмастырылып, бос жатқан 5 165 гектар алаңға құрғақ климатқа төзімді ағаш көшеттері мен көпжылдық бұта­лар егіледі. Көшеттер Ойыл, Қоб­да және Мәртөк ауданындағы орман шаруашылықтарындағы тәлімбақтардан алынады. Ақтөбе облысындағы республикалық, облысаралық маңызы бар тасжол­дардың бойындағы ағаштар да көп жылдан бері күтімсіз қалып, қураған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында сәуірден бастап автокөлік жолдарының бойындағы 77 мың гектар жерге көшеттер мен бұталар егіледі.
Айта кету керек, Ақтөбе облысында тек Байғанин ауданынан басқа аудандардың бәрінде де мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері жұмыс істейді. Бірақ жасыратыны жоқ, ұзақ жылдан бері осы мекемелер қараусыз қалды. Орманшысы, техникалары болмаған соң тарап кеткен, не қағаз жүзінде ғана қалған мекемелерге үш жылдан бері облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, штаттар ашылып, бірнеше трактор, жер жыртатын техникалар сатып алынды. Қайта жаңартылған шаруашылықтардың арасынан Қарабұтақ және Темір орман шаруашылығы мекемелері ғана жақсы жұмыс істеп келеді.
Соның ішінде Ойыл және Темір орман шаруашылықтары ХІХ ғасырдың екінші жартысында Орынбор генерал губер­наторының бұйрығымен құрылған. Патша бекінісі жанынан құм белдеуіне көшеттер Орынбордан әкелініп, оны солдаттар өздері күткен. Тағы бір тарихы ежелден бастау алатын орман шаруашылығы мекемесі Ырғыз бекінісі жанында, Ырғыз өзенінің бойында құрылған. Бірақ заманында жайқалған тал-терегі көп алқап 1980 жылдары қурап жоғалған. Кеңес өкіметі орнағанға дейін Толғанай орман шаруашылығы деп аталған Темір орман шаруашылығы мекемесінің қазіргі аумағы – 77 мың гектар. Жүзге жуық тал-терек, бұта түрі өсетін алқаптың орта­сынан діңі өте жуан, өте биік жүзжылдық емендер ұшырасады. Бүгінде Темір орман шаруашылығы мекемесінің 13 мың гектары ғана орманмен көмкерілген. Темір өзені тартылған соң жағасындағы тоғай алқабы да сиреп қалды. Бүгінде Темір орман шаруашылығы мекемесінде 77 орманшы жұмыс істейді. Дегенмен осы мекеменің штатында алты орын бос тұр. Соның ішінде трактор-механизаторлар жетіспейді. Әдетте Темір, Мұғалжар ауданының тұрғындары орманшы болуға емес, мұнайшы болуға құштар. Себебі, орманшының еңбекақысы 100 мың теңгеге жетіп жығылады. Орманшы болу үшін табиғатты сүйе білу керек. Екінші жағынан осы мамандықты қалайтын адам аздап романтик те болады. Күні-түні жаяу жүріп, тоғайды аралау, жер бедерін жақсы тану, әр ағашты, әр бұтаның қайда өсіп тұрғанын, оның күтімін жақсы білу кез келген адамның қолынан келе бермейді.
Жаз басталса, дала өрті кө­бейеді. Орман өртенсе, оны сөн­діру өте қиын. Қасақана өрт қою­шыларды айтпағанда, шылымын да жөнді сөндірмей өрт тұтандыратын жауапсыз адамдар қатары көп. Адамдарымызда экологиялық мәдениет деңгейі төмен екенін мойындауымыз керек. Өрт шықса оны сөндіруге күрегінен басқа ештеңесі жоқ орманшының шамасы жете бермейді. Сол себепті орманда күшті күзет болуы үшін ең алдымен өрт сөндіретін көліктер қырағы күзетте тұруы тиіс. Қала­ның өртін сөндіре алмай жат­қанда, даланың өртін сөндіруге асықпайтын жайба­сар­лығымыз тағы бар. Осы мәсе­лелер орманды көбейту үшін ағашты егіп қана қоймай, оның күзетін күшейту керектігін тағы еске салады.


https://egemen.kz​​​
28 наурыз 2022 ж. 640 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930