Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Міндет – айқын, бағдар – нақты

Міндет – айқын, бағдар – нақты

Жыл сайын өңірде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Сол себептен болар, ауданның келбеті өзгеріп, ауылдың ажары айшықтала түскен. Алыстан көз тартар көрікті үйлер де көбеюде. Салынып жатқан ғажайып нысандар мен зәулім ғимараттар жергілікті халықты ғана емес, сонымен қатар алыс жақыннан келген туристерді де таңғалдыруда. Десек те, бұл қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан маңдай терлетіп, еңбектеніп жүрген құрыш қолды құрылысшылардың ерен еңбегінің арқасы.
Қазір Шиелі ауданы өнеркәсіп өнімін өндіру – 134,7, өңдеу өнеркәсібі – 155,2, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 106,8, инвестициялар тарту – 143,5, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 102,2, құрылыс жұмыстарының көлемі – 112,4 және бөлшек сауда көлемі – 105,7 пайызға артқан. Сонымен қатар аудандық бюджеттің кірістері 2024 жылға несиелерді қоса есептегенде 14 млрд 977 млн теңгеге бекітілсе, биыл жылдың бүгінгі жағдайы бойынша түзетілген бюджет несиелерді және бюджет қаражатының бос қалдықтарын қоса есептегенде 17 млрд 51 млн теңгеге нақтыланып 13,8 пайызға өсім алған.
Басылымда құрылыс жөнінде көп ақпараттар жариялап келеміз. Байқағанымыз, бұл салада міндет айқын, бағдар нақты. Мәселен, өткен жылы 1 млрд 285 млн теңгеге Бала би, Досбол датқа, Бұланбай бауы елді мекендеріндегі медициналық амбулаториялардың нысандары халық игілігіне пайдалануға берілген болатын. Ал биыл облыс көлемінде 11 дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізу жоспарланса, соның ішінде 5 емхана Шиелі ауданынан бой көтеруде. Сондай-ақ кенттен 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі ғимаратының құрылысына «Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 2,6 млрд теңге қаржының биылға 1,3 млрд теңгесі қаралып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы тұста Тартоғай мен Алмалы ауылдарында ашылған дәрігерлік амбулаторияны айтуымызға болады. Бұдан бөлек, Ортақшыл, Тәжібаев, Бестам елді мекендеріндегі медициналық нысандар таяу­да ел игілігіне табысталатын болады.
Айта кетейік, ел игілігі үшін Шиелі кентінде көпбейінді орталық аудандық аурухана ғимаратына блок қосып, МРТ құрылысын орнатуға 733 млн теңге бөлінген. Бұл да ауданға беретін жаңа серпіліс, жаңа бастама. Бәріңізге белгілі, биыл Сыр өңірі «Руханият жылы» деп жарияланды. Осы орайда, өнер мен мәдениет саласында жүрген қызметкерлер күндіз-түні тынбай еңбек етіп жүргенін елеусіз қалдыра алмаймыз. Әрі оларға жұмыстарын жүйелі және тұрақты негізде, бір орталықтан жүргізу мақсатта орталық ашылмақ, яғни ауданда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін, типтік үлгідегі «Руханият» орталығы бой көтермек. Облыстың барлық аудандарында 11 млрд 500 млн теңгеге тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалары бар «Руханият» орталықтары салынуда. Шиелі ауданындағы бұл орталық жақын күндері іске қосылады. Бұл ретте облыс әкімі құрылыстың сапасына баса мән беріп, жұмысты уақытылы аяқтауды үнемі қатаң тапсырып келеді.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сол үдеден табылып, өңірдегі құрылыс нысандарын күнде бақылап, саралап жүр. Мәселен, жуырда ол Ақ Орда мөлтек ауданындағы тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын көріп қайтты. Тұрғын үйлердің құрылысымен танысқан аудан басшысы аталған нысандарды жол, жарық, газ, ауызсу мәселелерінің шешім табуына тапсырма берді. Тапсырманы берген соң, келесі бағыт Шиелі кентіндегі «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстармен жалғасты. Мұнда атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстары талқыланды.
– Ең бірінші кезекте жұмыс сапасына мән беру керек. Мейлі, ол ғимарат құрылысы, жол құрылысы болсын, су немесе газ жүргізсін, ең бастысы – сапа. Сондықтан жұмыс барысын күнделікті бақылау керек. Жобаны мақұлдау сатысынан бастап толық аяқталғанға дейін жіті қадағалаңыздар, – деді аудан басшысы.
Олай болса, ауданда жүргізіліп жатқан құрылыстың басты назары сапада болуы қажет. Жалпы бұл саланың дамуының әлеуметтік маңызы ел үшін, өңір үшін өте зор. Тіпті бірнеше жыл бұрын бүкіл дүние жүзін жайлаған қаржылық-экономикалық дағдарыстың кезінде еліміз әлеуметтік нысандарды жөндеу арқылы халықты жұмыспен қамтып, бұл дағдарыстан аман-есен өткен жоқ па еді?! Ендеше, құрылыс саласы – ел экономикасының нағыз барометрі екені сөзсіз.

Айнұр ИБРАШ
23 желтоқсан 2024 ж. 168 0

Қоғам

БІЗДІҢ НӘЙЛА
05 ақпан 2025 ж. 45

БАЛА НЕГЕ ҰМЫТШАҚ?

05 ақпан 2025 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№9 (9276)

04 ақпан 2025 ж.

№8 (9275)

03 ақпан 2025 ж.

№7 (9274)

28 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728