АУЫЗСУДЫҢ БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН
Бейсенбіде Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде суды магистральдық құбыр жолдары және таратушы желілер арқылы беру қызметтеріне бекітуге берілген тарифтерінің жобасын талқылау бойынша жария тыңдаулар өткізді.
Оған табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Зура Сардарбек және «Қазсушар» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «Сыр суы» филиалы директорының орынбасары Ержан Әмиша арнайы келді.
Оған табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Зура Сардарбек және «Қазсушар» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «Сыр суы» филиалы директорының орынбасары Ержан Әмиша арнайы келді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, аудандық мәслихат депутаттары, сала басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
«Сыр суы» филиалы директорының орынбасары Е.Әмиша қаңтар айынан бастап тариф құнын өзгертудің қажеттілігі жайлы баяндады.
– Қазіргі қолданыстағы тариф кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуіне қажет экономикалық шығынды өтей алмай отыр. Тарифті өзгертудегі мақсат – пайда табу емес, тұрақтылықты қамтамасыз ету. Желілерді жаңартып, жұмысшылардың жалақысын көтеруді көздейміз, – деді ол.
Компания өкілдерінің айтуынша, инвестиция толықтай халыққа қызмет етуге бағытталады. Техникалық және ауыз суды жеткізу қызметін жақсартуға жұмсалады. Су құбыры жаңартылады. Мәселен, топтық су құбыры 2017-2018 жылдары 518,49 теңге болса, 2023 жылы 341,71 теңгеге арзандаған. Ал биыл бір текше метр топтық су құбырының құны 492,22, теңгені құрап отыр. Келер жылдан бастап 2809,9 теңгеге қымбаттатпақ ниетте. Сол секілді қазіргі таңда бір текше метрі 377,48 теңге болатын оқшау су құбырын мамандар 3281,56 теңгеге қымбаттау керек деп есептеп отыр.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұловтың айтуынша, егер тариф көтерілсе, онда монша, көлік жуу стансалары, химиялық тазалау нысандары бар кәсіпкерлер де көрсетер қызмет бағасын көтеруі ықтимал. Ал мұның салмағы, сайып келгенде, сол қызметті тұтынушы қарапайым адамдардың иығына түседі.
Жиында ауызсу саласындағы кадр тапшылығы, жалақының төмендігі жайлы мәселелер талқыланды. Кәсіпкерлер тарапынан бағаны бір сәтте бірнеше есеге көтеру үлкен салмақ екені айтылды. «Судан бөлек басқа да коммуналдық қызметтерге табыстың басым бөлігін жұмсаймыз, енді судың бағасы қымбаттаса қайтеміз» дейді кәспкерлер.
Бұл ауызсу төңірегіндегі мәселенің бастамасы ғана болса керек. Себебі дәл қазір ауызсудан тапшылық көріп отырған жоқпыз. Алайда келешекте су қатқа айналатынын әлемдік деңгейде де, ел Президенті тарапынан да айтылуда. Президент Жолдауында 2040 жылы Қазақстанда су тапшылығы 12-15 млрд куб-қа жетуі мүмкін екенін айтып, елде су министрлігін құру қажеттігін жеткізген еді. «Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады», –деді Мемлекет басшысы.
Көпшілік тыңдаулардан кейін уәкілетті орган тарифті көтерудің орындылығы мен негізділігі бойынша тиісті талдау жүргізеді, содан кейін ғана түпкілікті шешім қабылданады.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ