«Қазақтың Ақбаяны» атты облыстық әншілер байқауы өтті
Қазақтың Ақбаяны атанған Мәдина Ералиева ән әлемінің аққуы, сыбызғыдай сызылған сұлу үнімен өзге жанның көңіл көктемінің көкжиегін керемет әсерге бөлеген әнші. Оның репертуары лирикаға, шексіз махаббатқа толы болды. Осындай ерекше талант иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваның туғанына биыл 70 жыл. Бүгін әншінің құрметіне арналған “Қазақтың Ақбаяны” атты облыстық әншілер байқауы өтті.
Ән байқауына арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев артында өшпес із қалдырған “Қазақтың Ақбаяны” Мәдина Ералиеваның қазақ өнеріндегі орны ерекше екеніне тоқталып өтіп, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі. Жас талант иелерінің өнерін композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, композитор, Мәдениет саласының үздігі Сәбит Ұлықпанұлы, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі Руслан Бурабай бағалады. Конкурс қорытындысы бойынша жүлделі lll орынды Жалағаш ауданының тумасы Орнықхан Пазыл, ll орынды жаңақорғандық Исламхан Нағызхан және l орынды қызылордалық Әйгерім Шүкірбаева иеленсе, бас жүлдені Сырдария ауданынан келген Аяулым Бекболатова жеңіп алды. Жүлдегерлерге қаржылай сыйлық табысталды.
Фото: қала әкімдігі